Футболдан ел клубтары Түркияда жаңа маусымға дайындық жүргізуде. Жаңа футболшы­ларды сұрыптап жаткан командалар ойыншылармен келісім шарт жасауға асығар емес. Бапкер сынағынан сүрінбегендер Қазақстанда доп тебуге мүмкіндік алады. Әзірге аяқдопшыларды қаралымнан өткізуде «Қайсар» көш бастап тұр. Бүгінде қасқырлардың жаттығуына бабын байқатуға бірнеше футболшы қосылаған.

Сербиялық “Спартак” Субботица командасының негізгі шабуылшысы Стефан Денкович елге келуге үмітті ойыншының бірі. Атақты “Црвена звезда” клубының түлегі еуропалық бірнеше клубта доп тепкен. Атап айтсақ, израилдік “Хапоэль Хайфа”, сербиялық “Войводина”, венгриялық “Пушкаш Академия”, черногориялық “Сутьеска”, “Бокель”, беларустік “Земун”, польшалық “Завиша”. 29 жастағы шабуылшы соңғы үш маусымда сербиялық “Спартак” Субботицаның намысын қорғаған. Футболшы әзірге қаралымда болмақ.

Сондай-ақ  27 жастағы ресейлік қорғаушы Егор Потапов та “Қайсардың” жаттығуына қосылды. Өткен маусымда беларустік “Славия” командасында өнер көрсеткен Егор бапкерлер көңілінен шығу үшін барын салмақ. Потапов клубтық мансабында бірнеше командада өнер көрсеткен. Қорғаушы ресейлік “Русь”, “Звезда”, литвалық “Гранитас”, эстондық “Локомотив”, қырғызстандық “Дордой” және беларустік “Смолевичи” сынды командаларда доп тепкен. Егор алдағы күндері өтетін жолдастық кездесулерге қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар “Қайсардың” Түркиядағы жаттығуына ресейлік қақпашы Артем Леонов қосылды. Жаттығу барысында қақпашылар арасында бәсекелес артты. Артем өткен маусымда беларустік “Минск” командасының негізгі қақпашысы болған. “Краснодар”, “Мордовия”, “Уфа”, “Крылья Советов”, “Ска Хабаровск” секілді командалардың намысын қорғаған Артем әзірге сынақтан өтуде.

Жерорта теңізінің жағалауындағы жаттығуға ивуарлық футболшы Хуссоу Ландри келіп қосылды. Ландри Еуропада алғаш рет бағын сынауға бел байлап отыр. Осыған дейін өз елінде “Аси ‘д Абенгуру” командасында доп тепкен. 20 жастағы жартылай қорғаушы әзірге қаралымда жүр.

Сербиялық жартылай қорғаушы Вук Митошевич те қазақ жеріне қайта келуге ниетті.  29 жастағы ойыншы “Қайсардың” жанкүйерлеріне етене таныс. 2015 жылы Вук қасқырлардың намысын премьер-лигада қорғаған еді. Вуктың “Қайсарға” дейінгі соңғы клубы сербиялық “Радник” командасы.

Литвалық корғаушы Линас Клюмавичус қасқырлармен бірге жаттығып жүр. 31 жастағы қорғаушы литвалық “Экранас”, “Судува”, “Тракай”, “Жальгирис”, латвиялық “Даугава”, украиналық “Днепр”, “Крибвас”, румындық “Динамо”, “Политехника Яссы” сынды командалардың намысын қорғаған. Сондай-ақ Линас Литва құрамасына тұрақты шақырту алып жүрген ойыншы.

Литваның тағы бір өкілі  Каролис Лаукжямис «Қайсардың» шабуыл шебін күшейткісі келеді. Каролис литвалық “Атлантас”, “Грантиес Клайпеда”, “Судува”, “Елгава”, хорватиялық “Истра”, словениялық “Табор” сынды клубтарда өнер көрсеткен. Коралистың “Қайсарға” дейінгі соңғы клубы мальталық “Хибернианс” командасы. Шабуылшы клубтық мансабында 200 ойын өткізіп, 45 мәрте көзге көрінген.

Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Арман Кеңесов “Қайсардан” «нан» табуға дәмелі. 20 жастағы ойыншы Павлодар футбол мектебінің түлегі. Арман “Ертіс” және “Ска Хабаровск” командасында доп тепкен. Клубтық мансабында 83 ойынға қатысып, 10 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеген.

Қазақстан Ұлттық құрамасына кандидат футболшы Марат Шахметовты ел жақсы таниды. Тәжірибесі толысқан ойыншы «Қайсарға» пайдасын тигізгісі келеді. 31 жастағы жартылай қорғаушы отандық бірнеше клубта өнер көрсеткен. Атап айтсақ, “Алма-ата”, “Локомотив”, “Астана”, “Атырау”, “Жетісу”, “Шахтер”, “Тараз”, “Ақжайық”, “Каспий” сынды клубтардың намысын қорғаған. Тәжірибелі футболшы мансабында 368 ойын өткізіп, 21 мәрте көзге көрінсе, 11 мәрте нәтижелі пас берген. Орталық жартылай қорғаушы қызметін атқаратын Марат Шахметов әзірге қасқырлар сапында қаралымда болады.

“Қайсардың” Анталиядағы оқу-жаттығу жиынында “Зенит” футбол клубының түлегі Никита Бочаров та жүр.

28 жастағы футболшы отандық футболдың жанкүйерлеріне бейтаныс емес. Никита Қазақстан премьер-лигасында “Ақтөбе”, “Ордабасы”, “Тобыл” секілді командалардың намысын қорғаған. Сондай-ақ Бочаров Ресейде “Зенит”, “Рубин”, “Нефтехимик”, “Томь” сынды командаларда доп тепкен. Мансабында 165 ойын өткізіп, 15 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздесе, 13 мәрте әріптестеріне голдық пас берген.

Айта кетейік, Никитаның соңғы клубы қостанайлық “Тобыл” командасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!