Екі күннен бері қазақстандық қос шахматшы Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева арасындағы дау өршіп тұр. Барлығы Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) әйелдер арасындағы Гран-приінің үшінші кезеңіне Жансая Әбдімәліктің қатыспай қалуынан басталған болатын. Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі соңғы постында аздап қызбалыққа салынып кеткенін мойындап, кешірім сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кеше мен айтқан бір эпизод жағдайды өршітіп жіберді. Енді бәріміз не істейтінімізді білмей жатырмыз. Кеше аздап қызбалыққа салынып кеткен шығармын. Сол үшін көптеген хейтке де тап болдым. Әрине, ақылға салып, салқынқандылық танытудың орнына эмоцияға берілген кезде оның өз әсері болады. Бұл бәрімізге сабақ болуы тиіс. Шахматшы алдағы бірнеше қадамын ойланып жүруі керек. Бірінші кезекте бұл өмірде де маңызы зор. Ондағы қатенің бағасы шахмат тақтасына қарағанда әлдеқайда жоғары. Егер мен қателессем, мойындауға дайынмын, – деп жазды Бибісара Асаубаева.

Ол осы ретте өзінің қалауын да жасырмады. Яғни Нью-Делиде болып жатқан келеңсіздіктер енді ешқашан еш жерде қайталанбау керек екенін айтты. Ал тек өзі әдеттегідей ойынын ойнап, рекордтарын орнатып, жақындарын қуантып, Қазақстанның атын әлемге таныта беруді ғана көздейтінін жеткізді.

Қасиетті Рамазан айында таза ниет ғана болуы қажет. Егер біреуді қорлаған болсам, кешірім сұраймын. Менің біреудің ар-намысына тиемін деген ойым болған жоқ. Оған лайықты құрмет көрсетілсін, – деп жазды блиц-шахматтан екі дүркін әлем чемпионы.

Айта кетейік, бұған дейін Бибісара Асаубаева командаласы Жансая Әбдімәліктің Делидегі Гран-приге келіп тұрып, «ұйымдастырушылар дұрыс қарсы алмады» деп қатыспай қалғанын айтқан болатын. Ол Жансаяға ең дұрысы тұрмысқа шығып, тамақ пісіру керек деп кеңес берген еді.

Кейін Әбдімәлік те жауап қатты. Өзінің шешіміне өкінбейтінін, Асаубаеваның жазғаны өтірік екенін мәлімдеді.

Ең соңында аталған жайтқа қатысты Қазақстан шахмат федерациясы түсінік берді. Бірақ олар «әйелдер арасындағы шахмат турнирлерінің ұйымдастырылу деңгейі жоғарылайды» деп үміттенеміз дегеннен басқа жарытып ештеңе айтпаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!