Мадияр МАХАМБЕТҰЛЫ,

Ш.Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған Халық театрының режиссері:

1996 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Қызылорда қалалық «Жастар» театрында музыка жетекшісі қызметін атқырған, бүгінде Ш.Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған Халық театрының режиссері. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырған “Абай әлемі” атты облыстық халық театрларының байқауында ІІ орын иеленген. Сондай-ақ үнемі аудандық іс-шаралардың басы қасынан табылады. 2019 жылы облыстық «Үздік жас маман» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.

– Қай оқу орнында, қандай танымал ұстаздан тәлім алдыңыз?

–  Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиетінде журналистика мамандығында оқыдым. Бала кезден өнерге, шығармашылыққа бейім болдым. Қойылымдарға көп барып, сахна аурасына бой үйрете бастадым. Менің сахнадағы ұстазым – Оңталап Нұрмаханов. Бұл кісі көп нәрсені үйретті, менің режиссер болуыма тікелей септігін тигізді. Кім болса да қарамағындағы адамның өскенін, жоғарылағанын қалайды ғой. Ол кісі де мейлінше актерлеріне жағдай жасайды. Кішкентайымнан актерлік өнерге қызықтым. Бәлкім оның да көмегі тиген шығар.

– Алғаш сахнаға қалай шықтыңыз?

– Алғаш рет сахнаға шыққаным әлі есімде. Бұл ұмытылмас сәттердің бірі деп айта аламын. Қобалжу, жүрек дүрсілі барлығын ұмыту оңай емес. Сондықтан да алғашқы қойылым жаныма жақын. Ол Қанат Жүнісовтің “Алғашқы махаббат” спектакліндегі әскерден келген Батырдың рөлі. Ақын, режиссер Оңталап Нұрмахановтың  мектебінен шықтық. “Жастар” театрының жұмыс істеп жатқанына – 5 жыл. Ол театрдан үйренгенім көп. Қызығушылығым, өнерге деген махаббатым арта түсті. Режиссерлік шешімдерге қызықтым. “Былай жасаса қалай болады” деген идеялар режиссерлікке алып келді.

–  Бұған дейін жастар театрында жұмыс істедіңіз. Қызмет ауыстыруға не түрткі болды?

– “Жастар” театрында бір жарым жылдай жұмыс істедім ғой. Облыста, қалада өткен түрлі мәдени іс-шараларға, байқауларға қатыстым. Несін жасырайын, Ш.Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған Халық театрыныңрежиссерлік штаты бос тұр деген хабар жетті. Оған мені Оңталап аға ұсынса керек. Үйдің кенжесімін. Отбасыма қолғабыс ететін уақыт келді. Қарашаңыраққа ие болу – менің міндетім. Сондықтан мүмкіндікті құр жібергім келмеді.

– Бір қойылым қанша уақытты талап етеді?

– Сахнаға спектакльді алып шығу оңай емес. Бір сағаттық спектакль бір жыл уақыт алатын сәттер де болады. Себебі дайындық соны талап етеді. Оның үстіне аудандарда актерлік білімі бар кәсіби мамандар жоқ. Кім сахнаға бейім, кімге қойылым ұнайды, соларды іріктеп аламыз. Ең бірінші сценариймен режиссер танысып шығады. Оның өзі айтарлықтай уақытты талап етеді. Суретшімен, декорациясымен ақылдасу керек. Ал ауданнан сол рөлге лайықты адамды тауып, дайындауды ойлаңыз. Аз дегенде 2-3 ай уақыттың кететіні анық. Бізде ертең спектакль қою керек дегенге шыға салатын театр мамандары жоқ. Мұны да ескерген жөн шығар.

– Ауданда спектакльге дайындалу, актер дайындау қиындық тудырмай ма?

– Мәселен, актерлар жалақысын алады. Сондықтан олар жұмыс ретінде үйреніп кеткен. “Бұл менің жұмысым” деп қабылдайтындар бар. Ал аудандарда рөлді арасында бір сомдайтын болған соң шынайы бейнелейді. Қойылымға деген махаббат, жақсы көру үлкен рөл ойнайды. Иә, рас айтасыз, аудандарда арнайы оқып келген маман болмаған соң қиындық тудырады. Мәдениет үйінде жұмыс істейтін көптеген қызметкерлердің көмегімен біраз қойылым қойдық. Дегенмен де кәсіби маман мен мәдениет қызметкерінің айырмашылығы аспан мен жердей. Бірақ ол кісілердің театрға деген махаббаты ерекше. Өз образын жақсы көріп сомдайды. Бұл – үлкен ерлік.

– Актерда образдан шығу деген болады. Сізде көпке дейін образдан шыға алмаған сәт кездесті ме?

– Иә, “образдан шыға алмай қалды” деген сөзді жиі естимін. Бұл біреудің өміріне түбегейлі еніп кету дегенді білдірмейді ғой. Ойнаған актердің сөйлеу стилін, жүру, киіну тәртібін үйреніп алып, біразға дейін серік етуің мүмкін. Бірақ менде ондай жағдай кездеспепті. Бәлкім мен ондай рөлді сомдамаған шығармын. Өйткені образдан шыға алмау сәті  ауыр сәттерде кездеседі.

– “Театр – шахмат, ал актер пешкі ме? Жоқ! Әр актер өзіне бекітілген рөлдің авторы” дейді А.Әшімов. Ал сіздіңше актер деген кім?

– Актер – шығармашылық адамы. Ондай адамдардың қолы да, ойы да бос болмайды. Бір сөзбен айтқанда, миыңда тыныштық жоқ. Қайда барса да уақытты босқа кетірмеу керек. Актер уақытпен санаспайды. “Менде жұмыс уақыты аяқталды” деген түсінік бізде де, сізде де жоқ. Себебі күні-түні ізденісте жүретін адамбыз. Актер 24 сағатта ізденеді. Ол қоғамдық көлік, көше болсын, қай жердеде образ іздейді. Сол образ соның өміріне, жұмысына мамандығына тап болуы мүмкін. Сондықтан актер кез келген жерден образ іздейді. Спектакль көруге келген халық  актердің образы арқылы өзінің өмірінде болып жатқан түйіткілді мәселенің шешімін таба алу керек деп ойлаймын.

 – Бұрынғы мен бүгінгі режиссердің айырмашылығы қандай?

– Бүгінгі мен бұрынғы режиссердің айырмашылығы бар. Өйткені бұрынғы режиссер замандарына лайық шешім шығарған. Ал қазіргі режиссер, яки жастардың да, үлкендердің де көңілінен бірдей шыға білуді көздейді. Жас пен үлкеннің толқынын тоғыстыратын, сабақтастық құралы деп алсақ артық болмайды. Себебі біз комедия, драма, трагедия, қасыретнама болсын екі жақтың да толқынын бірдей ұстап отыруымыз керек. Қазіргі жас режиссерлардың бағыты ерекше. Ұтымды сәттері өте көп. Кішкентай детальмен үлкен нәрсе дайындай алады.

– Театр режиссері Әділет Аханов “Театрда талантты артистер баршылық. Мұндай өнер ұжымымен кез келген классикалық драмаларды жүрексінбей сахналауға болады” депті.

– Таза маманмен яки 60-70 актермен жұмыс жасайтын үлкен театрда ешқандай қойылым қиындық тудырмайды. “Үлкен рөл болмайды, үлкен актер болады” дейді ғой. Рөлді жоғары деңгейде алып шығу актерге, шеберлігіне байланысты. Аудан болған соң, аса ауыр емес пьессаларға жұмыс істейміз. Жоспарымда шетелдік классикалық шығармаларды, мәселен, Шекспирді қойғым келеді. Аудан тұрғындары театрды жиі тамашалайды.

– Биылға дайындық барысы қалай?

– Жылдық жоспарға сәйкес жылына бір спектакль қойып отырамыз. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты 2-3 пьеса бар. Соларды қазір оқып жатырмын, содан кейін барып таңдауға саламыз. Актерлерге сай келетін пьесаны сахналайтын боламыз.

– “Осы образды сомдасам ғой” деген сәт бола ма?

– Спектакльдерге қарап отырып, актерлерге қызығып отырамын. “Мына рөл жақсы екен” деп жиі қызығатын сәттерім болады. Өзіме психологиялық образдарды ойнаған ұнайды. Өзіме жақыны комедиялық бағыттар, себебі жеңіл түседі. Кімнің образы жаныңызға жақын десеңіз, комедиялық бағыт. Халықты күлдіртіп отырған сайын ләззат аламын, біз үшін халықтың қошеметінен артығы жоқ.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА