Корея мемлекетіне қызықпайтын адам кемдекем. Таңғы шық елінің әр ғажайыбы таңданыс тудыратыны рас. Тіпті тарихқа тұнған алып шаһардың өз шындығы бар. Бұл туралы аудармашы, “Хангук” кәріс тілі оқу орталығының директоры Іңкәр Абдраимовамен әңгіме өрбіткен едік.

– Шет мемлекетте оқыдыңыз. Осы аралықта не түйдіңіз? Жалпы санада немесе өміріңізде өзгеріс
болды ма?

– Кангнам университетінде кәріс тілі-ағылшын мәдениетін меңгеру мақсатында 3,5 жыл оқып, Йонгин қаласында тұрдым. Танымым кеңейіп, санада өзгеріс болды. Өмірде дүние-мүлік жинау, жұртпен жанталаса жарысу, әсемденуден әлдеқайда маңызды іс барын ұқтым. Саяхат пен оқу – дамудың кілті. Сондай-ақ қиыншылықты қабылдауды, сабырлы қалпымда қалуды үйрендім. Шыңдалдым. Алдағы 10 жылдық Қазақстандағы өмірімді көріп, болашаққа барғандай әсер алдым. Уақыт пен ақша, жалпы өмірге қатысты көп нәрсені ой елегінен өткіздім. Қажетті тәжірибе жинақтадым десем артық емес.
Кәріс тілін үйренуге сөздік жасадыңыз. Тіпті мейрамхана мен демалатын орынға дейін бағыт
бар. Авторлық кітап шығаруға идея қалай туындады?

– Өткен жылы қыркүйек айында кәріс тілі бойынша оқу орталығын аштым. Қазір 40 оқушы қатысып,
білім алуда. Курсты онлайн және офлайн форматта да өткіземіз. Оқу орталығымыз Сеул қыздар
университетімен байланыс орнатты. Енді аталмыш университетке оқуға жіберуге мүмкіндік қарастырылған. Жастардың тіл үйренуге қызығушылығы зор. Алдағы уақытта оқушы саны артады деген ойдамын. Сондай-ақ сұраныс бойынша арнайы кітап әзірледім. 100 беттен тұратын жинақта сөздік, базалық кәріс тілі бойынша видео сабақтар бар. Кореяға барған жағдайда қажет болатын
ақпаратты да ұсындым. Яғни дорама түсірілген орын мен аймақтың мекенжайы белгіленіп, карта үлгісінде жасалды. Сонымен қатар халал мейрамхананы да атап көрсеттім. Қазақ тіліндегі мәліметтің аздығы кітап шығаруға себеп болды. Оқушы кезімде Корея туралы зерттесем дереккөздің барлығы орыс тілінде берілді. Оны түсіну үшін ата-анамнан аударып беруін сұрайтынмын. Бұл қазірде мәселе. Кітапты жастар игілігіне пайдаланады деп сенемін. Алдымен әлеуметтік желіде тұрақты оқырмандарыма жарнамалаймын. Таралымы 1000 данадан басталады.


Дораманың жанкүйері көп. Қиялмен қабысатын сюжетке сүйсінген жас Кореяны көргісі келеді. Кәріске тұрмысқа шығатындар да жоқ емес. Айтыңызшы, мұның ажырасуға ықпалы бар ма?
– Дорамада сюжетке сендіру әртістің шеберлігі. Шынайы өмір сериал секілді емес. Кореяның тыныстіршілігін экраннан көріп, баруға қызығу заңдылық. Өйткені әдебі келіскен әдемі мемлекет. Десе де Кәріс жігітіне тұрмысқа шығу сынды ойлар опық жегізуі мүмкін. Иә, жаңа ортаға сіңісіп, тіл табысатындар жоқ емес. Дегенмен екі мемлекет болған соң екі түрлі дәстүр, мәдениеті де бөлек. Тіпті үйренісе алмай, қиындық та кездесетіні анық. Оның ақыры ажырасумен аяқталады. Бұдан бөлек жастар Кореяға нәпақасын тауып, жұмыс істеуге заңсыз жолмен барады. Айына 800 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін табуға мүмкіндік бар. Қаржылай тапшылық болған соң ер адамдар Кореяға барып, жары елде қалып қояды. Тіпті ұзақ жыл бір-бірін көрмей, бөлек отбасын құрып кететіндер бар. Ол жақта заңсыз жүргендіктен елге қайтудың да амалы қалмайды. Сонымен
қатар, Кореядағы өмірден соң елдегі тіршілікке қайта үйрену депрессияға ұшыратады.
Екі ел арасындағы визасыз режимді кәдеге асырған адам көп. Заңсыз жұмыс істеген қандастар
айыппұл арқалады. Бұл жайында не дейсіз? Жалпы виза алудың қиындығы қандай?

– Иә, мұндай жағдай көп кездеседі. Саяхатқа келдім деп, Корея шекарасынан өтіп, заңсыз жолмен жұмыс істеуге қалады. Сөйтіп, өкінішке қарай, қара тізімге енеді. Бұл Қазақстан халқына кері әсер етері белгілі. Визасы бар студенттердің Кореяға баруы қиындағаны содан. Тіпті білім алғысы келетін студентке оқу визасын алуды қиындатып жатыр. Қара тізімнен шығудың жолы – заңды сақтау. Айыппұл салуда да екі нұсқа бар. Оның бірі белгілі мөлшерде айыппұл төлеу немесе Корей мемлекетіне баруын шектеу. Тіпті өмір бойы Кореяға бара алмауы ықтимал, бұл отбасына да қатысты. Енді екі ел арасында жұмыс визасы қарастырылуда. Соңғы жаңалықтарға сүйенсек, ол мемлекетке жұмыс істеуге жылына 3 мың қазақстандықты жібере алады екен. Белгілі бір деңгейде кәріс тілін білу міндетті. Яғни, арнайы тестілеуден өтіп, медициналық сараптамадағы оң көрсеткішімен сол жақта жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Жұмыс істеу мерзімі – 3 жыл. Жұмыс визасының тиімділігі осы уақыт аралығында емін-еркін елге келе алады. Өйткені бәрі заңды түрде болмақ.
– «Интернет жылдамдығымен Токионы артта қалдырдық» деген әңгіме қоғамда қызу талқыға түсті. Ал Корея толық тегін интернетпен қамтамасыз етілген. Сіздіңше, бұл жүйе бойынша қандай кемшін тұсымыз бар?
– Кореяда мобильді тариф пен 5G интернеті бөлек. Мобильді тариф елімізге қарағанда қымбат. Мұндағы айырмашылық ұялы телефонға ай сайын бірлік салсақ, ол мемлекетте бір тарифті аласыз да, ай сайын картадан ақша шешіп отырады. Қанша бірлік қалғаны көрінбейді. Тек 30 мың, 10 мың және 5 мың теңгелік тариф бар. Соның бірін сатып алып, пайдаланады. Қоңырау шектен тыс асқан жағдайда келесі айда картадан көлемді ақша ұстайды. Ал интернет жүйесі жақсы дамыған. Автобуста, автобус аялдамасында, кафеде, кез келген ғимаратта 5G ұстайды. 2018 жылдың өзінде сондай жайлы жағдай болды. Демек бізден ілгері екені сөзсіз.
«Кореяда өмір сүру деңгейі жоғары болғанымен, өмірдің өзі жоқ» дейді. Қалай ойлайсыз,
қарбалас тіршіліктен бас алмайтын халық әдемі сәттерді сезініп үлгере ме?

– Кәрістер – нәзік халық. Олардың сөзге илануы мен сенуі оңай. Уақыт және жоспармен жүретін еңбекқор адамдар. Қызылорда облысынан Корея Республикасының жері екі есе кішкентай. Соған қарамастан 52 млн халқы бар. Бәсекелестік жоғары. Сол үшін олар үздіксіз білім алып, тынбай еңбек етуге ұмтылады. Мектепте бестік бағаны да бәріне қоймайды. Бір сыныпта тек 3 оқушыға қойылады. Шектеу мен тәртіп болған соң күндізтүні тынымсыз тіршілік етеді. Бірақ содан стресске түсіп, суицид жасайтындар бар. Ал біздің қоғамда мұндай нәрсені елемеуге, сынаққа сынбауға
үйретеді. Олар көп жұмыстан соң жақсы тынығады. Сенбі және жексенбі күндері еркін демалады. 3 ай сайын шетелде саяхаттауды жоспарлайды.
– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!