Ноттингем және Питтсбург университеттерінің түлегі, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген жас генетик ғалым Болат Сұлтанқұлов  7 минутта коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест ойлап тапты. Айтуынша, тест арқылы кез келген адам үйде отырып-ақ өзін тексере алады.

Жас өнертапқыш жаздан бері зертханада жұмыс істеп келеді. Қазақстанда індет өршігенде «айналама қалай көмектесемін?» деп біраз ойланған. Нәтижесінде коронавирусты жылдам анықтайтын тест жасауға бекініпті.

– Наноденелер дейтін болады. Міне, соны қолдандым. Оны акуладан немесе түйеден ғана алады. Қазақстанда оны өндірмейді. Сондықтан зерттеу жасау үшін наноденелерді Швейцариядан алдыруға тура келді. Наноденелер алтынның ұсақ бөлшектерімен араласқан. Оны синтездеп, тест таяқшаларын жасап шығардым. Оған адамның сілекейін жағып, вирустың бар-жоғын 7 минутта оңай анықтауға болады. Ал ПТР-тесттің нәтижесін бір күн күту керек. Кейбір өңірде тіпті екі тәулік күтетіндер бар. Ал мынау әп-сәтте дайын болады. Тест нәтижесі 85 пайыз дәл көрсетеді. Бұл жобаны жасау үшін маған көп адам көмектесті. Жас ғалымдар альянсы қолдады. Назарбаев университетінің әлеуметтік қоры грант бөлді. Ал биотехнология орталығы осы зертханада жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Жұмылып жүріп осындай жаңалық ойлап таптық, – дейді Болат Сұлтанқұлов.

Жас генетик айтқан наноденелер антидене іспеттес. Көлемі әлдеқайда кіші. Ағзаға тез сіңеді. Әсері де жылдам білінеді. Болат Сұлтанқұлов соны негізге алып, жарты қарыстай тест таяқшаларын алты айда әзірлеп шығарған. Отандық ғалым әзірлеген тест әлі сатылымға шықпаған. Зертханалық тексеріс аяқталды, енді клиникалық тексерістен өтеді.