Биыл «Грэмми» музыкалық марапаты 63-інші рет өтті. Марапаттау кеші 31 қаңтарда өтуі керек болған. Алайда пандемияға байланысты салтанатты кеш 14 наурызға ауыстырылды. Десе де биылғы байқаудың ел тарихындағы орны бөлек. Себебі, марапатқа қазақстандық Иманбек Зейкенов ұсынылып, көптің арманына айналған мүсіншені жеңіп алды. Ел тарихындағы алғашқы жүлденің маңызына тоқталсақ.
«Грэмми» – америкалық дыбыс жазу академиясының премиясы. Оны АҚШ дыбыс жазу қауымдастығы 1958 жылы 14 наурызда құрған. Бүгінде «Грэмми» музыка индустриясында ең абыройлы марапат. Ол кино индустриясындағы Оскармен тең. Марапат ретінде граммафон мүсіншесі беріледі. «Грэмми» жыл сайын 108 категория бойынша музыканың 30 жанры бойынша Recording Academy мүшелерімен марапатталады. Ең алғашқы марапаттау салтанаты 1958 жылдың 4 мамырында болған.
«Грэмми» премиясының пайда болу тарихы голливудтық «Даңқ аллеясымен» байланысты. Музыкалық индустрия көшбасшылары 1957 аллеяға адамдар тізімін жинап, әртістерді танымалдығы үшін емес, шығармашылық жетістігін бағалау үшін құрмет көрсетуді мақсат етеді. Ал аллеяның концепциясы бойынша жетістікке жетпеген музыканттар тізімге қосылмайтын. Осы идеяны жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар Дыбыс жазу өнері және ғылымы ұлттық академиясы «Грэммиді» ойлап табады. Премия ресми түрде 1957 жылы 28 мамырда Лос-Анджелесте негізі қаланып, кейіннен сол қалада алғашқы кеңсесі ашылған.
Ал премияға Грэмми атауы бекер берілмеген. Бастапқыда оны фонографты ойлап тапқан адам Томас Эдисонның құрметіне «Эдди деп атауды жөн санаған. Алайда бұл атауды адамдар америкалық эстрада әншісі және актер Эдди Фишердің құрметіне аталған деп ойлауы мүмкін деген ой туған. Сөйтіп, «Грэмми» деген атау граммафонды ойлап тапқан адам Эмиль Берлинердің құрметіне таңдалған. Бұл атау БАҚ-та дауыс беру арқылы таңдалған. Оны Жаңа Орлеан тұрғыны Джей Данна есімді қыз ұсынған. Премия жеңімпаздарына кішкентай граммафон статуэткасын беру тарихы да осы оқиғадан басталған.
Жеңімпаздарға сыйлық беріле ме?
Премияда лауреат атанып, мүсіншені алған әртістерге ақшалай сыйақы берілмейді. Алайда премияда жеңіске жеткен кез келген орындаушы не продюсердің концертінің билет сатылымы 55 пайызға өсуі мүмкін. Мысалы, Бруно Марс және Тейлор Свифт «Грэммиде» жеңіске жеткеннен кейін билет сатылымынан біраз қаржы түскен. Одан бөлек, түрлі БАҚ мәліметінше, әдетте продюсерлер бір ән үшін 30-50 мың доллар алса, ал «Грэмми» статусы бар продюсер бір әнге 75 мың доллардан жоғары сұрайды.
ЖҮЛДЕ қалай табысталады?
«Грэммиге» үміткерлер шығармаларын жыл сайын 30 қыркүйектен кешіктірмей ұсынуы керек. Ал сыйлықтың өзі жыл сайын қыс айында беріледі. Марапаттау рәсімі Лос-Анджелесте 1958 жылдан бері өткізіліп келеді. Оны әлемдегі миллиардтан астам көрермен тамашалайды. Жүлдеге алтын граммофон табыс етіледі. Бастапқыда «Грэмми» номинациясының саны 26-ны құрады, бірақ қазір олардың саны 100-ден асады және әр салтанатқа барлығы 1000-нан астам үміткер қатысады. Санаттар бойынша жеңімпаздар АҚШ Ұлттық дыбыс жазу академиясының 13 мыңға жуық мүшесінің дауыс беруімен анықталады.
- Былтыр 25 қарашада Imanbek лақап атымен белгілі Иманбек Зейкеновтің Roses атты әнге жазған ремиксі «Грэммиге» ұсынылды. Бұған дейін Қазақстанның атынан «Грэммиге» ешқандай артист ұсынылмаған. Бүгінде ремикс YouTube-те 145 миллион қаралым жинаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!