Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,  республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы. ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Әмірбек ШАЙМА­ҒАМБЕТОВ,  Полиция полковнигі. «ҚР Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері».

Тергеуші Бақытхан Бәйменов оқиға орнына жетуге асықты.

Ұзаққа созылған бір істі тындырғаны кеше еді… Ылғи осылай, міне, тағы біреуі. Облыстық ішкі істер басқармасы бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Қайыркешқызы тез жетсін деп тергеуші Темірхан Қанатбаевты жұмсаған. Таңғы сегіздерде келіп тұр. Жолшыбай Темірханның асығыс айтқанына құлағын салса, іс сұмдық. Біреу емес, екеу емес… төртеуін бірден жайрату деген…

Кеше жұмыстан түнгі үштердің кезінде келіп еді. Өзінің ойы сағат онға дейін демалып, жұмыс жаққа түске қарай бару-тұғын. Бүгін желтоқсанның 31-і. Тым болмаса жылдың соңғы күні сәл демалып алуға болатын шығар. Ертең «тоқсан сегізінші» жыл басталмақ.

Осы оймен оқиға болған үйге жетті. Облыстық ІІБ ғимаратына жақын, көшенің келесі бетіндегі бес қабатты үй. Полиция полковнигі Бақыт Қайыркешқызы осында жүр. Облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Тастемір Сауранбайұлы Рахимов, оның жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Сабыр Сыдықұлы Мұқтаров, облыстық басқарманың криминальды полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Серікбол Қуатбайұлы, облыстық басқармаға қарасты қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы Алмас Ибраев, сот-медициналық экспертиза бюросының бастығы Қамбар Сексенов, қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мақсұт Нәлібаев та келіпті. Прокуратура мен ҰҚК-нің өкілдері де жүр.

Қылмыс болған жер – бесінші қабаттағы үш бөлмелі пәтер. Тыстан кіріп келгенде дәлізге жалғасқан қонақ бөлмеде төрт қыз жайрап жатыр. Бөлмеге жиһаз қойылмаған. Еденде палас. Палас үстіне қаз қатар көрпеше төселіпті. Оң қол жақ бетте етпетінен түскен қыздың жасы шамамен жиырма бес-отыз арасы. Сол жақта ондардағы кішкентай қыз, оймақтай аузын аңқитып ашқан қалпы жан тапсырыпты. Одан әрі бойжетіп қалған тағы біреуі шашы қобырап шалқалай құлаған. Төрде бүк түскен қыздың бет-аузы күлтілдеген ісік. Оның да жасы жиырма бестің маңайы. Мәйіттердің үсті шылқыған су. Сірә, қылмыскер әккі болар, ізін өшіруге әрекеттенген. Тіпті еденді сүртіп алған ба қалай?

Құқық қорғау қызметкерлері куә болған сурет осы.

Пәтер иесі жас келіншек өксігін баса алар емес. Бақыт Қайыркешқызы оны жұбатып, мән-жайды сұрады. Оның жылап отырып айтқанынан түсінгені мынау. Есімі – Жанат. Ажырасқан. Түнде үйде болмапты. Жаңа жыл кешіне кеткен. Сол жақта жақын бір досының үйінде түнеп қалады. Соны алдын ала біліп, ағасының қызы, 11-сыныпта оқитын Бағдатты үйге келіп қонуға шақырған. Ал Бағдат жиен сіңлісі Болғанайды ертіп алыпты. Болғанай он екі жаста. Ал пышаққа түсіп, етпетінен жығылған Мадина үлкен апасының қызы. Банк қызметкері. Қасындағысы оның қызметтес құрбысы, аты Алмагүл. Мадина күйеуден қайтқан, қаланың шеткері жағында ата-анасымен бірге тұрады. Кейде жұмыс барысымен кеш қалғанда ғана осында қонып кететіні бар, бірақ дәл бүгін келетінін білмепті. Жанат үйге таңертең сағат жетілерден өте келіп, есікті өз кілтімен ашқан. Жатын бөлмеге өтпек боп, залға бас сұққанда қанға бөккен қыздардың үстінен түседі. Зәресі ұшып тұра қашады сосын. Көршілерден көмек сұрап, зар еңірейді. Полицияға хабарланады.

–  Бақыт Қайыркешқызы, істі жеке өзіңіз қадағалаңыз, – деді Тастемір Сауранбайұлы. Сонан соң сол арада тұрған басшылық құрамға жағалай көз тастады. – Әсіресе, қала көлемінде тексеруді жедел ұйымдастыру керек. Мақсұт Ыбырайханұлы, мұны әкімшілікпен бірігіп жүргізген дұрыс болар. Серікбол Қуатбайұлы, сізге де айтарым осы, қала маңайы қатаң қадағалауда болсын. Қазір кеңсеге барғасын жоспар түзейік. Жылды жақсы көрсеткішпен қорытындылаймыз ба дегенде… Қазір осы арада, Бақыт Қайыркешқызы, сіз тиісті топпен қалып жұмыс істеңіз.

Тастемір Сауранбайұлы сөзін бітірген соң, пәтерде іске тікелей қатысты топ қана қалып, қалғандары тарай бастады.

– Бізге бұл да сын болғалы тұр, – деді Бақыт Қайыркешқызы аса маңызды істер бойынша аға тергеуші Бақытхан Төлегенұлына қарап. – Өзіңе сенем. Осы істі екеулеп алып шығуымыз керек. Ал не дейсің, болжамың қалай?

– Жаңа сарапшы Қамбар Сексенов құлып өз кілтімен ашылған деді. Демек, келген адам бұларды танитын біреу. Тыстан кілтпен ашып кірген немесе іштегілер танығасын ашқан. Түн ішінде танымайтын адамға есікті ашпайды ғой. Сондықтан осы үйдің кілтін кім ұстауы мүмкін, соны анықтау керек. Бұл – бір. Екіншіден, қылмыскер жас жігіт болар деп ойлаймын. Өйткені ол анау шалқасынан жатқан жас қызға барған. Жігітшілігі ұстаған шығар. Өлтіру ойында болмаған сияқты. Сірә, аздап ұрттаған болар. Олай болмаса үш қызды аттап бара ма? Бірақ оның қолында пышақ не қылып жүр? Осы жері түсініксіздеу.

– Егер қыз көнбесе, пышақ көрсетіп қорқытпақ болған шығар, – деді тергеу бөлімінің бастығы, подполковник Сәбит Қармысұлы.

–  Ол да мүмкін, – деп ойланып қалды Бақытхан. – Сөйтсе, сөйткен шығар. Тамағының астын қараңыз. Мойын терісін пышақ сыдырып кете беріпті. Яғни… яғни, сіз айтқандай, пышақты алқымына тақаған… өлтіру үшін емес, қорқытып, үнін шығармай тастау үшін. Сонда қыз басын дамылсыз шайқай берген, қозғай берген. Иә, иә солай болуы мүмкін. Қамбар ағай да солай деген. Ал мына кішкентай қыз қылмыскерді таниды. Сондықтан айтып қоймасын деп, бұны да өлтірген. Жаңа криминалист-сарапшы жастықпен тұншықтырып өлтірген тәрізді деді ғой. Бұл жерге бөтен емес, танитындар келген деген ойымды бұл да қуаттай түседі. Қылмыскер бір адам ба, әлде екі адам ба? Сол жағын болжай алмай тұрғаным.

– Мадина ажырасқан келіншек екен. Соның күйеуі шығар келген? Ол да бұлардың танысы ғой, – деп, Бақыт Қайыркешқызы тағы бір болжамның ұштығын шығарды.

– Егер ол болса… Бірақ ол Мадинамен басқа жерде де кездесе алады ғой. Әй, ол емес шығар. Мынаған қарайық, төрде жатқан қыздың аты Бағдат дедіңіз ба? 11-класта оқитын қыз. Соның тырнағының асты толған адамның терісі мен қаны. Өзіне келген адамды тырнап тастаған. Мадинаның күйеуінің онда несі бар?

– Ол екі адам болып келген болар? Мүмкін сол шығар жас қызға секірген? – деп, болжам ұсынды Сәбит Қармысұлы. – Қысқасы бұрынғы байынан да, осы маңайда тұратындардан да түсінік алайық.

– Мен де осыны айтпақ едім. Осы үйге қатысы бар жиырма-отыз жастағы жігіттердің бәрін тексерейік. Әсіресе, беті тырналғандарды, – деді Бақытхан Төлегенұлы.

Түс ауып кеткен. Пәтердің іші күңгірт. Сап-салқын. Ызғар. Әр заттан, әр жиһаздан, әр ыдыстан саусақ таңбасын тінткілей іздеген криминалистер түрлі болжам айтып, жұмыс барысын ақылдасқан тергеушілер де сырт киіммен жүр. Жылуы нашар жалғыз осы үй ғана ма, қыс түссе тұтас қаланың көретін күні күн емес. Жарық та, су да, газ да солай.

Пәтер иесі келіншек жылаудан тыйылса да, бұлаудай екі көзі қызарып, танауын ауық-ауық тартып қойып жүр. Бар үміт сіздерде дегендей, полиция қызметкерлеріне жәутең-жәутең қарағыштай береді.

– Айналайын, заттарың түгел ме? Қарашы, жоғалған не бар екен? – деді Бақыт Қайыркешқызы пәтер иесіне.

– Түгел сияқты. Шифоньерде ақшам бар еді, қазір көрейін. – Зал арқылы баратын кішкене бөлмеге кіріп кетті де, кідірмей кері шықты. – Бар екен ақша. Бары осы. Жиырма мың. Күздік пәлтемнің қалтасында еді, тұр екен. Киімдерге тиіспеген.

– Қыздардың бірінің мойнында алтын алқа көрдім, тағы біреуі алтын сақина­сымен жатыр. Содан-ақ белгілі, тонауға келме­ген, – деп қосты Бақыт­хан тергеу­ші.

– Еш­теңеге тимеуі қалай? Пышағыңды түгендеші, – деді Бақыт Қайыркеш қызы.

Пәтер иесі келін­шек ас үйге барып келді де:

– Иә, жоқ екен, кәдімгі ағаш сапты, күнде пайда­ланып жүрген, – деді. Сәлден кейін қайта айналып келіп «ұшы доғал, пластмасса сапты пышақ бар еді, комплект алты пышақ, соның біреуі табылмады» дегенді айтты. Ваннада ілулі тұрған үлкен сүлгі мен Бағдаттың қара қолбағы да қолды болыпты.

– Қалғаны түгел сияқты, – деді.

– Мынаны қараңыздар, – деді Бақытхан Төлегенұлы ас бөлмені оң жағынан бастап солға қарай мұқият шолып тұрып. – Газ плитаның құлақтарын ашып кетіпті. Әдейі ашқан деуге болады. Жарықты жағып қалғанда гүрс ете қалсын деген ғой. Құдай сақтағанда құбырда газ болмады. Саусағының ізі осы құлақтарында қалуы мүмкін.

Осы кез ас үйдегі тоңазытқыш гүр етіп, іске қосылды. Жарық жанғаны сол екен, Бақыт Қайыркешқызының көзіне ағаш еденнің жырығынан жылт еткен сәуле байқалғаны. «Жаңа жылдық жылтырақ шығар» деп ойласа да, назарын тарта берген соң, еңкейіп, шанышқының ұшымен іліп алса, жоқ, жаңа жылдық жылтырақ емес, алқа. Алтын алқа. Соның бір үзігі. Өзі жіп-жіңішке.

– Мәссаған, қыздар мына жерде де алысқан сияқты ғой.

Бақыт Қайыркешқызы шанышқы ұшына ілінген алтын алқаны жағалай көрсетіп шықты.

*     *     *

Бір үйден төрт қыздың өлігі табылды деген хабарды естігенде, бірден иіс тию туралы ойлады. Өйткені иістің тию оқиғасы көбіне қыста болады. Әсіресе, мейрам кезінде. Ішіп алған адам пеш жағып оңдыра ма? Қабатты үйлерде де жылу жетіспейді, болар-болмас. Тұрғындардың үйді жылыту үшін не пәлені ойлап табатыны содан. Кейбіреу газ плитаның төрт көзін түгел жағып, үстіне қыш қалап қоятын бопты. Ал газ дегенің бірде бар, бірде жоқ.

Таң атпай безілдеген телефон дабылын ести сала үйден жедел шыққан қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Мақсұт Ыбырайханұлының жол бойы ойлағаны осы. Сөйтсе іс тіпті масқара! Дереу өзі басқарып отырған бөлімге қарасты қылмысты іздестіру жедел уәкілдері мен учаскелік инспекторларға пәрмен берді. Оқиға болған үйге көрші тұратын тұрғындардың барлығынан сұрау салып, күдіктіні анықтау жұмысын жедел бастау қажет. Жасы жиырма-отыздардағы қоңсы жігіттер мен беті тырналған еркек атаулы полицияға жеткізілуі тиіс. Қалалық су шаруашылығы мекемесінің кәріз құдықтары түгел тексеріліп, қылмысқа қатысты заттар іздестірілсін. Бұл тапсырма қала көшелерінің тазалығына жауапты мекемелерге да қатысты.

Қала әкімінің орынбасары Нәжімеден Мұсабаев осы істі өзі тікелей қадағалап отырды.

Қаланың ішіне байланысты да, сыртына байланысты да тексеру жұмыстары облыстық басқарманың криминальды полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Серікбол Тұңғышбаевтың тікелей араласуымен жүріп жатты. Қаланың батысы Ақтөбе облысына дейін, шығысы Оңтүстік Қазақстан облысына дейін МАИ қызметкерлерінің қатаң қадағалауына алынды.

Қаза болған адам саны төртеу болғаны себепті, іс бірден облыстық ішкі істер басқармасының қарауына берілді.

Облыстық басқарма бастығының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Бақыт Көпенова, жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Сабыр Мұқтаров, тергеу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сәбит Тәжіғұлов, қасақана кісі өлтіру, зорлау және аса қауіпті қылмыс бөлімінің бастығы, аса маңызды істер бойынша аға тергеуші, полиция майоры Бақытхан Бәйменовтер үшін 1998 жылдың алғашқы күні қарбаласпен басталды.

*     *     *

Басқарма ғимараты жиырма-отыз жас аралығындағы жігіттерге толып кеткен. Ол аздай жедел уәкілдер, міне, тағы бір тобын топырлатып әкеп жатыр. Барлығы-дағы Қорқыт ата көшесіндегі атышулы 3-ші үйдің төңірегінде тұратындар. Кейбірінің жүздерінде аздап үрей бар, көпшілігі аң-таң. Тергеуші Бақытхан Төлегенұлы олардан түсінік алып үлгерер емес. Көмекке тергеуші Темірхан Қанатбаев пен бір-екі практикант жұмылған.

Күдік тудырғандардың басынан бес талдан шаш алынып, сараптама үшін әрқайсысы бөлек конверттерге салынып жатыр. Аты-жөні, қашан алынғаны сыртына мұқият жазылады. Қателесуге болмайды. Әр тал шаштың түбінде адамның генетикалық коды жасырынған. Барлығының дерлік қаны, сілекейі жиналуда. Бақытжан бұл жұмысқа декреттік демалыста отырған дәрігер келіншегі Ләззат Жүнісованы қосуға мәжбүр. Ырғалып-жырғалып жүруді уақыт көтере ме? Қылмыстың ізі суымай тұрып, үлгеріп қалу керек.

Іске қатысты топ күн сайын кешкілік мәжіліске жиналады. Кім не тындырды, қандай сыбыс бар, бірі талқыға түседі. Соған байланысты болжамдар туындайды. Бүгінгі мәжіліске Тастемір Сауранбайұлы да келген.

– Ал кімде қандай әңгіме бар? – деді ол сұрақты төтесінен қойып. –Төртінші күнге айналып барады. Шылбырдың ұшын ұстай алар емеспіз. Сөйлеңіз, Сабыр Сыдықұлы.

– Мен айтсам, ҚІІБ бастығы Мақсұт Ыбырайханұлының пәтер ұрлығы қылмысын іздестіру жөніндегі орынбасары, капитан Ибадолла Тоқтамысов күдікті адам туралы ақпарат беріп отыр. Ол сыбысты оларға бір агенті айтып, саудаласқан. Сосын өз құлағыммен естиін деп, ол агентті алдырып мен сөйлестім, – деді бірінші орынбасар Сабыр Сыдықұлы өзінің мінезіне тән байыппен асықпай сөйлеп. – Агент айтқан күдікті жас жігіт көрінеді. Жасы жиырма екіде. Аты-жөні Марат Өтепханұлы. Ол сол күні кешке үшінші үйдің маңында мас боп жүріпті. Оның алдында «Қыз жібек» кафесі жағында болған. Сол күні кешкілік өлген қыздың екеуі, қазір аты-жөндерін айтайын, міне, Алибаева Мадина мен Абенова Алмагүл екеуі ұжымымен бірге жаңа жыл кешін тойлаған. Өтепханұлы олармен кездесіп сөйлесіпті. Жаңағы агенттің айтуынша, қыздарды сол Өтепханұлы өлтірген сияқты. Оның алдында Мэлс, Бақытжан, Уәлихан деген жігіттермен бірге жүріпті. Бұлар бізге белгілі адамдар.

– Бүгін кешкілік сол үйдің тұрғындарын араладым, – деп, сөз бастады Бақыт Қайыркешқызы. – Бәрі ештеңе көрмедік, ештеңе естімедік деп отыр. Шынын айтқан екеу болды. Екінші қабатта тұратын Лариса деген орыс әйел жаңағы баланы сол күні кешкілік сағат сегіздерде көріпті. Мас дейді. Айқайлап подъездге кірді дейді. Бір пәтердің есігін тепкілегенін естіген. Қай пәтерге барғанын айта алмады. Ал түнде шыңғырған дауыстан ояныпты. Қыздың дауысы дейді. Қайтып естілмеген. Түсім шығар деп ойладым дейді. Екіншісі Нина деген әйел. Бірінші қабатта тұрады. Ол да мас боп жүрген Марат дейді. Подъездге кіріп, айқайға салыпты. Оның айтуынша, осы подъезде оның баратын үйі жоқ, басқа жағында әпкесі тұрады екен. Мен де сол баладан күдіктенем. Бірақ жалғыз өзі төрт қызға қалай әлі келді екен деп ойлаймын.

– Ал Бақытхан, сенде не бар, – деп, Тастемір Сауранбайұлы тергеуші Бақытхан Төлегенұлына бұрылды.

– Менің қайран қалып отырғаным… Сабыр ағай мен Бақыт апай айтқан жігітті мен де айтпақ едім. Сол үйде тұратыны бар, басқа көршілері бар, жиырма-отыз жастағы жігіттерден түсінік алдық. Осы күдікті-ау дегендерін УҚИ-да ұстап отырмыз. Көршілерден тағы кім бар келмеген деп сұрағанымда олардың атағаны екі фамилия. Біреуінен бүгін жауап алдым. Ол желтоқсанның жиырма сегізінде Шиеліге кетіп, содан бүгін келіпті. Таза сияқты. Ал анау… жоқ. Анасының телефонын тауып, қоңырау шалсам, «Шанхайдағы» атасының үйіне кетті дейді. Ол үйге мамандарды жіберсем, атасы «жаңа ғана шешесіне кетті» деп айтыпты. Бірақ өз үйіне бармаған. Анасын шақырып сөйлестім. «Қазір қайда өзі» десем, «білмеймін, үйге келмеді» деді. Үйінен  шыққанда үстінде көк спорттық шалбар мен күртесі болыпты. Бірақ анасының айтуынша, ертеңіне оны киіп келмеген. «Төбелестім, жыртылып қалды, сосын шешіп тастадым» депті. Қызметкерлерге, учаскелік инспекторларға көк шалбар мен күртені іздеп табуға тапсырма берілді.

– Олай болса, оған қазірден бастап іздеу салынсын, – деді Тастемір Сауранбайұлы.

(Басы. Жалғасы  бар)