Қазақстандық 9 жасар Назар Доля Испаниядағы Levante UD футбол клубында жаттығады.

Анасы Алма Ілиясованың айтуынша, Назар үш жасынан Орал қаласындағы FKU Орал (football Kids Uralsk) клубында тәжірибелі бапкер Болат Шалаевтың қоластында жаттықты.

«Әкесі Сергей Доля өткен жылы жазда Сочидегі лагерьге апарып еді. Сонда Испаниядан бапкерлер келіп, қараған кезде Назар бірден көзге түсіп, ұнаған. Сосын сертификат беріп, Валенсиядағы футбол академиясына қаралымға шақырды. Қаралымнан ойдағыдай өтіп, кәсіпқой футбол клубымен екі жылға келісімшарт жасасты. Жарты жыл Испанияда болып, бір ай демалысын Оралда, үйде өткізіп, қайтадан кетті. Өйткені келісімшарт бойынша жаттығуды қалдырмау керек. Қыркүйектің ортасынан бастап сол елдегі мектепке барады. Ұлыммен бірге әжесі Гүлжамал үнемі бірге. Мен өзім қазақпын, әкесі – украин, қарапайым көп отбасының біріміз», – деді А.Ілиясова.

Назардың футбол агенті Мария Ковалеваның сөзіне қарағанда, қазақстандық балғын ойыншы Global Football Total Levante UD академиясында қаралымнан ойдағыдай өтті. Академиядан оны Levante UD кәсіпқой футбол клубы аттай қалап алды. Енді федерация деңгейінде клубта аптасына үш рет жаттығатын болады. Бұл, бір қарағанда, аздау болып көрінуі мүмкін. Алайда Испан елінің заңдылығына, сондағы клубтардың қағидатына сәйкес баланың жүрегіне күш түсіруге, денсаулығына нұқсан келтіруге болмайды. Сосын өздерінің футбол лигасында аптасына бір ойынға қатысады. Олардың өз чемпионатында Levante UD клубы абсолютті жеңімпаз болды.

«Назар Global Football Total академиясының базасында қаралымнан өту үшін Испанияға биылғы қаңтар айының аяғында барды. Онда бәрі де өзгеше. Бастапқыда мұнда келгендер тілді білмейді. Басқа орта, тамағына дейін басқа. Әсіресе, жаттығу барысы, ойнау мәнері мүлде бөлек. Соның бәріне бейімделіп кету сырттан келгендерге оңай емес. Назар бірінші күннен бастап алаңда өзін көрсете білді. Бір апта өткеннен кейін клуб директоры келіп қарады. Ақыры Назардың Levante UD футбол клубына қабылданатыны белгілі болды. Содан кейін ай жарым уақыт құжаттарды дайындауға кетті. Соның нәтижесінде Назар лицензия алып, толыққанды ойыншыға айналды. Екі жылға келісімшарт жасалды. Мұнда басқа клубтар да жас таланттардың ойынын қарайды, сондықтан түрлі ұсыныстар түсуі мүмкін. Назар қазірдің өзінде болашағынан үлкен үміт күттіреді, қалғанын уақыт көрсетеді», – деді ҚазАқпарат тілшісіне Мария Ковалева.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!