Қызылордада Ұлттық құрылтай мүшелерін сайлау науқаны аса жоғары азаматтық белсенділікпен өтуде. Қала тұрғындары саяси іс-шараға белсенді атсалысып, болашақ даму бағытын айқындауға асығуда. Сайлау учаскелеріндегі халықтың қарасы қалың, әсіресе ел ертеңіне бей-жай қарамайтын жалынды жастардың үлесі ерекше байқалады.

Біз шаһардағы №369 сайлау учаскесіне арнайы келіп, сайлау барысын бақыладық. Дауыс берушілердің арасында жастар көп. Солардың бірі – Жомарт Серікбаев. Ол бұл күннің мемлекет пен қоғамның жаңғыруы жолындағы маңызын атап өтті.
– Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында сайлау өтуде. Бұл саяси науқан – әр азаматтың дауыс беру құқығын айқындайды. Яғни дауыс беру арқылы халық өзі қалаған партияға қолдау бере алады. Болашақта бұл қолдау жарқын өзгерістерге әкеледі деген ойдамын , – деді қала тұрғыны.
Сайлау барысы туралы №369 сайлау учаскесінің төрағасы Ақмарал Сабырқызы баяндап берді.
– Учаскі таңғы сағат 7-де өз жұмысын бастады. Талапқа сай барлық заңдылықтар сақталды. Бізде 1306 сайлаушы бар. Үйден дауыс беруге өтініш бергендер саны – 5. Оларға арнайы барып, дауыс жинап келдік. Сайлауға келіп дауыс берушілердің қауқары жақсы. Есептен шығару куәлігімен келіп, дауыс бергендер саны –4, – деді Ақмарал ханым.
Қызылордалықтар бұл саяси іс-шара елдің демократиялық қадамдарының жаңа бір белесі деп қабылдап, дауыс беруді белсенді жалғастыруда.

Мерей Шәкрат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!