Қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаев Англиядағы жаңа клубында қандай нөмірмен өнер көрсететіні белгілі болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

18 жастағы футболшы «Бернли» сапында 12-нөмірлі жейдемен алаңға шығады.

Сәтпаев ағылшын клубына Лондонның «Челсиінен» жалға берілді. Ол 2026/2027 жылғы маусымды «Бернли» құрамында өткізіп, келісім мерзімі 2027 жылдың жазына дейін жалғасады. Шартта ойыншыны сатып алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Алайда «Челси» қыста футболшыны жалға алу мерзімі аяқталмай тұрып кері қайтара алады.

Қазіргі таңда «Бернли» Чемпионшипте өнер көрсетеді. Бұған дейін Дастан Сәтпаев Англия футболына бейімделіп, көбірек ойын тәжірибесін жинау үшін жалға ауысуды жақсы мүмкіндік деп санайтынын айтқан.

Қазақстандық шабуылшының «Челсимен» келісімшарты 2033 жылға дейін жасалған.

Айта кетейік, Сәтпаев «Бернлиге» ауысар алдында «Челси» командасымен бірге маусым алдындағы жиынға қатысып, клубтың Аустралия мен Азиядағы турниріне барған. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!