Тамыз және қыркүйек айларында Қазақстан аумағы бойынша әскери техника және жеке құрам жүреді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әскердің қайта топтастырылуы «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуын дайындау және өткізумен байланысты. Әскери қызметшілер мен техника жаттығу өткізілетін орындарға теміржол эшелондарымен және жалпы пайдаланымдағы автожолдардағы автомобиль колонналарымен жеткізіледі, сондай-ақ майдандық және армиялық авиацияны жұмылдыру жоспарланған.

«Өткізілетін іс-шаралар жоспарлы болып табылады және әскерлердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге, әскери басқару органдарының, әскер түрлері мен тектерінің, арнайы әскерлердің өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға, сондай-ақ Қарулы Күштерді қолданудың заманауи нысандары мен тәсілдерін пысықтауға бағытталған», – делінген министрлік хабарламасында.

Оқу-жаттығулар елдің барлық аумағындағы полигондарда өтеді. Жаттығулар бірыңғай жедел кеңістікте – құрлықта, әуеде, теңізде және киберкеңістікте ұйымдастырылады. Қорғаныс ведомствосы азаматтар мен БАҚ өкілдерін сабырлық сақтауға, тек ресми ақпаратқа сүйенуге және көрінеу жалған мәліметтерді таратпауға шақырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!