SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Нью-Йоркте 44 жастағы ер адам Бруклин көпірінің мұнарасына көтеріліп, бірнеше мемлекеттің туын, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік туын орнатқан. Артынша ол шешініп, Ист-Ривер өзеніне секірген. Бұл туралы New York Post басылымы жазды.

Оқиға 2 тамыз күні шамамен сағат 14:30-да көпірдің Манхэттен жағындағы мұнарада болған.

Нью-Йорк полициясының төтенше жағдайлар қызметінің мамандары ер адамды төмен түсуге көндіруге тырысқан. Алайда ол олардың ескертуіне қарамастан өзенге секіріп кеткен.

Жарияланған бейнежазбаларға қарағанда, секіру кезінде ер адамның қолында киімге немесе сөмкеге ұқсас зат болған. Бруклин көпірі мұнарасының биіктігі шамамен 85 метрді құрайды.

Оқиғадан кейін порт полициясының қызметкерлері ер адамды судан жедел шығарып алып, Bellevue ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Қазіргі уақытта ер адамның азаматтығы мен оның Қазақстанның мемлекеттік туын қандай мақсатпен орнатқаны белгісіз. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!