Елімізде ғылым саласына бет бұратын жастардың саны әлдеқайда аз болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді.

Жас ғалымдарға үлкен талдау жүргіздік. Біз неге PhD ғылыми дәрежесіне гранттарды беріп жатырмыз? Жастар PhD-ді қорғай алмай кетеді немесе олар PhD дәрежесін қорғап, жоғары оқу орындарына не ғылыми-зерттеу инстуттарына (жұмыс істеуге) бармайды немесе онда 1-2 жыл жұмыс істеп, кетіп қалады. Жастар ғылымға аз келеді. Осы мәселені зерттегенде шектеулер барына көзіміз жетті, – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ ол жас ғалымдар қандай қиындықтармен бетпе-бет келетініне тоқталды.

PhD дәрежесін қорғау үшін халықаралық беделді журналдарға мақала жариялау керек. Екіншіден, жас ғалым PhD-ді қорғап, жоғары оқу орнына келгенде ол оқыған 4 жыл есептелмейді. Ол аға оқытушы, профессор, қауымдастырылған профессор (доцент) лауазымына конкурсқа тапсыра алмайды. Сондықтан олар қиналады, жалақы да аз. Күнделікті өмірдегі мәселелер басталады. Осылайша, олар ғылымнан кетіп қалады. Сондықтан 2021 жылы қабылданған заңның аясында жас ғалымдарға арналған гранттарды іске қостық. Бұл – жас ғалымдарды аяғынан тұрғызатын шара. Мұнда 3 жылдық бағдарламаға осы гранттың аясында 500 мың теңге көлемінде айлық көзделген, – деді ведомство басшысы.

Айтуынша, 2013 жылдан бастап PhD ғылыми дәрежесін қорғағандар аталған бағдарламаға қатыса алады.

Соңғы 2 жылда 3 конкурс жарияладық. Нәтижесінде 881 ғылыми жоба қатысты. Жас ғалымдар (гранттарды) ұтып алды. Оларға қолдау көрсетілуде. Мақсатымыз жыл сайын осы жоба аясында мыңға жуық гранттарды беріп, жас ғалымдарды қолдау, – деді Саясат Нұрбек

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!