Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен ел экономикасының дамуы ең алдымен халықтың әл-ауқатына, тұрақты табысына және еңбекпен қамтылу деңгейіне тікелей байланысты. Бүгінде жұмыспен қамту мәселесі тек экономикалық көрсеткіш қана емес, әлеуметтік әділеттілік пен азаматтардың болашаққа деген сенімін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналды. Осы орайда 21 мамыр күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Аймақтағы еңбек нарығының жай-күйі және азаматтардың жұмыспен қамтылу деңгейі» тақырыбында арнайы кездесу өтті.
Жиынға сала мамандары, жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысып, өңірдегі еңбек нарығының қазіргі ахуалы жан-жақты сараланды. Кездесу барысында халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу және ауылдық жерлердегі еңбек нарығының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.
Басқосу барысында соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелері мен тиімділігіне де назар аударылды. Әсіресе қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, алғашқы жұмыс орны және ұрпақтар келісімшарты секілді жобалардың жастарды еңбекке бейімдеудегі рөлі сөз болды. Сонымен қатар «Skills Enbek» платформасы арқылы кәсіби білім алып, жаңа мамандық игеруге мүмкіндік алған азаматтардың қатары артып келе жатқаны айтылды.
Дегенмен жиында көтерілген мәселелердің салмағы да аз болған жоқ. Әсіресе ауылдық аймақтардағы тұрақты жұмыс орындарының тапшылығы, білікті мамандардың жетіспеуі және жастардың жаппай қалаға көшу үрдісі алаңдаушылық туғызатыны ашық айтылды. Кейбір шалғай елді мекендерде еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыссыз жүруі әлеуметтік жағдайдың күрделенуіне әсер етіп отырғаны да назардан тыс қалмады.
Кездесуге қатысушылардың пікірінше, еңбек нарығындағы түйткілдерді шешу үшін тек уақытша жұмыспен қамту шаралары жеткіліксіз. Ең алдымен өңірде өндіріс орындарын көбейтіп, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға нақты қолдау қажет. Бұл бағытта шағын несие беру тетіктерін жетілдіру, кәсіби оқыту бағдарламаларын кеңейту және жастардың жаңа кәсіп игеруіне мүмкіндік жасау маңызды екені айтылды.
Сондай-ақ мобильді мансап орталықтарының жұмысы мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің нәтижелері талқыланды. Жәрмеңкеге солтүстік өңірлерден келген делегациялар түрлі бос жұмыс орындарына мамандар қажет екенін ұсынып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін таныстырды. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар көптеген азаматтардың тұрақты жұмыс табуына ықпал етіп келеді. Алайда еңбек нарығындағы сұраныс пен мамандар даярлау жүйесі арасында әлі де сәйкессіздік бар екені байқалады. Бұл өз кезегінде кәсіби бағдар беру мәселесіне жаңаша көзқарас қажет екенін көрсетеді.
Жиын қорытындысында қатысушылар халықты жұмыспен қамту саясатын жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар қабылдады. Оның ішінде ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын көбейту, жастарды кәсіпкерлікке ынталандыру, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау және әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту мәселелері қамтылды.
Жұмыссыздық — жай ғана статистика емес. Оның артында тағдыр, отбасы және ертеңгі күнге деген үміт тұр. Сондықтан халықты жұмыспен қамту мәселесі әрдайым мемлекеттің де, қоғамның да басты назарында болуы тиіс. Ал мұндай ашық пікір алаңдары нақты проблемаларды көтеріп қана қоймай, оны шешудің тиімді жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.
Жақсыгүл Оразалиева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының баспасөз хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!