Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін есептелетін жаңа шекті көрсеткіштер шілде айының басында жарияланады. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов қол қойған жаңа әдістемелік құжатта айтылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құжат 4 маусымнан бастап күшіне енеді. Жаңа есептеу моделі зейнетақы активтерінің жылдық 9% және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының 8% табыстылығын ескере отырып жасалған.
Шекті көрсеткішті есептеу үшін арнайы формула қолданылады: минималды ай сайынғы төлем мөлшері 12 айға және төлемдердің күтілетін ұзақтығы мен болашақ құнының коэффициентіне көбейтіледі. Мұндағы базалық көрсеткіш – ең төменгі зейнетақының 75%-ы мен ең төменгі жалақының 60%-ын құрайды. Бұл пайыздық мөлшерлер жас ұлғайған сайын өсіп отырады: 20 жастан бастап әрбір қосымша жыл үшін ең төменгі зейнетақыдан 2,5%, ал ең төменгі жалақыдан 2% қосылады. Дегенмен, жиынтық мән 200%-дан аспауы тиіс.
Формуланың соңғы бөлігі – төлемдердің ағымдағы құнының факторы. Ол азаматтардың өмір сүру ұзақтығын, белгілі бір жасқа дейін жету ықтималдығын, активтердің болашақ кірістілігін және төлемдерді жыл сайын индексациялауды қамтиды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
