Іnbusiness.kz. Украинаның Ресейдегі ірі мұнай өңдеу зауыттарына шабуылынан кейін елдің 35 аймағын тырп еткізбей құрсаулаған жанармай тапшылығы елдегі егін жинау науқанын оңдырмай соққыға жыққалы тұр. Бұл ретте ресейлік ақпарат құралдары Іркіт (Иркутск) облысының заң шығарушы жиналысының «Единая Россия» партиясынан сайланған депутаты, аймақтағы алпауыт агрохолдинг – «Белореченское» кәсіпорны бас директорының орынбасары Степан Франтенконың жанайқай мәлімдемесін жарыса жазды.

«Горизонтальная Россия» басылымының дабыл қағуынша, халық қалаулысы дәл қазірден бастап «бүкіл ауыл шаруашылығының толықтай күйреуіне тас-түйін дайындала беруге» шақырды.

«Новая газета» дерегінше, Ресейдің түкпір-түкпіріндегі фермерлер жанармай тапшылығының зардабын тартып, наразылық білдіруде. Мысалы, Иркутск облысындағы ахуалды бағаны қолдан шарықтатып отырған алыпсатарлар тіптен ушықтырып жіберді. Салдарынан Усолье ауданындағы ірі агрокешен – «Буретское» тәжірибелі-өндірістік шаруашылығы жанар-жағармайдың жоқтығынан биылға егіс жұмыстарын мүлдем тоқтатуға мәжбүр болды.

«Аграршылар жеткізушілермен мәмілеге келіп, тіл табысуға тырысуда, бірақ кез келген талпынысына екі-ақ келте жауап алады: не оларда жанармай атымен жоқ, не олардың алдында бар дизельді Ресейдің батысына жеткізу туралы қатаң тапсырма қойылған. Егер біз дәл қазір бекітілген лимиттерге қол жеткізе алмасақ, ертең адам жейтін астық та, малға жемазық пен шөп те болмайды. Ендеше жүздеген миллион қаржыны босқа шығындап қайтеміз, одан да бүкіл ауыл шаруашылығының толықтай жабылуына дайындала бергеніміз жөн», – деп мәлімдеді депутат жергілікті парламенттің ауыл шаруашылығы жөніндегі комитетінің шұғыл отырысында.

Франтенконың мәліметінше, көтерме жеткізілімдер тоқтаған соң аграршыларға қарапайым жағар-жанармай құю станцияларынан дизель іздеу ұсынылған. Бірақ бұл – мүлдем қисынсыз әрі мүмкін емес нәрсе көрінеді: біріншіден, алып, ірі габаритті техникалардың қала көшелері мен асфальтты трассаларға шығуына заңмен қатаң тыйым салынған.

Ал, қашықтан алайын десе, отынды ЖҚС-тар канистраларға құймайды. Екіншіден, алқаптағы алып ауыл шаруашылығы техникалары отын көлемін қомағайлана жұтатындықтан, олар қарапайым жанармай бекеттерінің бүкіл қорын қас-қағым сәтте тауысып тастар еді.

«Біз әрине, төзімді, бәріне көнбіс халықпыз ғой. Бірақ ең құрығанда, бүгін жоқ дизель ертең қашан болады, соны нақты білгіміз келеді. Егер ондай мүмкіндік болмаса, не істейміз? Бәлкім, Қытайдан тасуға тырысармыз, Си Цзиньпиннен жалбарынып сұрармыз?! Әйтпесе – біттік, бәрі бітті!», – деді «Белореченское» басшысы Степан Франтенко.

Жанармай дағдарысы: Сібірден Оңтүстікке дейін жайылуда

«Сибирский экспресс» басылымының мәліметінше, бұл дағдарыс толқыны Красноярск өлкесін де шарпып үлгерді. Жергілікті фермерлер жанармайды қол канистрлеріне құюға салынған қатал тыйымның кесірінен генераторлар, мотоблоктар мен мотоорақтардың, тіпті сиыр сауатын агрегаттардың жұмысы жаппай доғарылып жатқанын айтып, байбалам салуда. Фермер Анатолий Шарлапов кәсіпкерлер арасында «мұндай қатаң шектеулер таяуда бүкіл ел аумағында жаппай енгізіледі» деген сөз желдей есіп тұрғанын журналистерге жеткізді.

РФ-тың оңтүстігінде дән ерте пісетіндіктен, орақ науқанының мерзімі тақап қалды. Сондықтан аграршылар жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) бағасының удай қымбат екеніне қарамастан, көрші облыстардан тасуға мәжбүр, деп жазды Forbes журналы.

«Народный фермер Кубани» қауымдастығының төрағасы Константин Юровтің дерегінше, шаруашылықтардың басым бөлігінің отын қоры ең көп дегенде 2-4 апталық жұмысқа ғана жетеді. Дизель отынан үлкен қор жасауға алпауыт холдингтердің де материалдық қауқары жоқ.

РБК хабарлауынша, 15 маусымның өзінде-ақ Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасында дизель отынының құны 2023 жылдың қыркүйегіндегі тарихи рекордты басып озды. «Воронеж» мұнай станциясының базисінде («Транснефть – Дружба» құрылымы) 1 тонна дизель отыны 30 сәуірден бері 42%-ға бір-ақ секіріп, 69 026 рубльден 97 846 рубльге дейін шарықтады. Ал, бөлшек саудадағы баға кей жерлерде бір литр үшін 150 рублге (бұл шамамен 1 005 теңге) жетіп, егіншілерді тақырға отырғызуда. Воронеж облысының фермері Никита Токмаков бір тонна дизельдің құны қазірдің өзінде 100 000 рубльден асып жығылғанын мәлім етті.

«Бұл – ақпан айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда тура екі есе жоғары деген сөз. Ең сорақысы, тіпті осындай ақылға сыймас бағаны төлеген күннің өзінде өнімнің уақытылы тиеп жөнелтілуіне ешқандай кепілдік жоқ. Жеткізудің нақты мерзімін айтпайды», – деді ол.

Оның түсіндіруінше, бұл алапат тапшылық РФ-тің негізгі егін егілетін аймақтарын – бүкіл Орталық Қара топырақты ауданды, Еділ бойын және Ресейдің тұтас Оңтүстігін түгелдей қамтыды. Айта кетерлігі, көршінің оңтүстік өңірлерде өнім жинау науқаны басталып та кетті. Еділ бойы да орақ науқанына маусымда кірісті. Солтүстік ендіктерде бұл жұмыстың көрігі шілдеде қыза бастайды.

Ірі агрохолдингтердің бірінде істейтін қызметкер анонимді түрде ақпарат құралдарына ащы шындықтың бетін ашты: «Жағдай өте шиеленісті, жүйке жұқартарлық деңгейде. Біз бір мезгілде тапшылықтың өршіп бара жатқанына, әрі бағаның тоқтаусыз өсуіне куә болып отырмыз. Егер бұл үрейлі үрдіс осылай жалғаса берсе, аграршылар өнімді тым аз жинайды. Бұл бүкіл Ресей бойынша азық-түліктің күрт азаюына және ашаршылыққа әкеп соқтыруы ғажап емес», – деді ол «Форбске».

Еділ бойындағы «Зерно жизни» холдингінің бас инженері Сергей Пияков «трейдерлер маусымның аяғы мен шілденің басына қарай да ешқандай оң өзгеріс күтпейтінін» мәлімдеді. Дәл осы қауіптің кесірінен, қолында аз да болса жанармай қоры бар аймақтар өздерінің ішкі нарығын қорғау үшін тіпті РФ-тың өзге іргелес субъектілеріне де отын сатуға ресми түрде тыйым сала бастады. 

«РБК Кавказ» хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері ЖЖМ құны 50%-ға бір-ақ шығандаған және осы айдың ішінде ғана тағы 10-12%-ға үстемеленген. Оңтүстіктегі ахуал тым алаңдатарлық: егер бұл теріс динамика тез арада ауыздықталмаса, биылғы күзде өнім жинау мүмкін болмайды, деп пайымдайды портал.

Логистиканың күйреуі және бағаның аспандауы

Проблеманың ауқымдылығы сонша, ол жылдар бойы қалыптасқан үйреншікті логистикалық тізбектерді күл-талқан етіп, жаңа арна іздеуге мәжбүрлеуде. «Ведомости Юг» басылымы сілтеме жасаған «ТендерПро» сарапшыларының талдауына сәйкес, Кубань аграршылары да 2026 жылдың басынан бері өзге өңірлерден жанар-жағармай сатып алуды шамадан тыс арттырған. Барлық жеткізілімдердің 35%-дан астамы енді Мәскеуге тәуелді болса, тағы 7%-дан астамы ХМАО, Смоленск және Белгород облыстарына тиесілі болып отыр. Салыстырсақ: өткен жылы ғана Краснодар өлкесінің бизнесі ешқандай сыртқы нарыққа алаңдамайтын, тәуелсіз еді.

Енді өнім жинау науқаны қызғанда Кубань аграршылары жан сауғалап, солярканы тіпті Еділ бойынан, соның ішінде мыңдаған шақырымдағы Татарстаннан іздеуге мәжбүр. «Народный фермер Кубани» қауымдастығының жетекшісі Юров тапшылық пен баға қос жақтан қатар қысып, биылғы егін орағын тығырыққа тірегенін жасырмады.

Strategy Partners жобаларының жетекшісі Анна Васильева да қалыптасқан бұл тұйықты «өте күрделі әрі қауіпті» деп бағалайды.

«Егер жанармаймен қамтудағы бұл сорақылық бүкіл өнім жинау науқаны бойы жалғаса беретін болса, аграрлық сектор үшін жойқын қауіп туындайды. Астықты жинау, тасымалдау және қоймалау кезіндегі іркілістерге, қиыншылықтарға соқтырады. Дизельдің ұзаққа созылатын тапшылығы өнімнің жиналатын көлеміне ғана емес, оның сапасына да теріс әсерін тигізері даусыз», – деді Васильева.

«Жығылғанға жұдырықты» нарық сілтеді

Ресейлік фермерлерге тек отын тапшылығына ғана емес, басқа да ауыр экономикалық себептерге байланысты егіс жұмыстарынан жаппай бас тартуға тура келуде. Астық өндірушілердің таза табысы 2020 жылдан бері құлдырау үстінде. Сол кезде 1 тонна бидай шамамен 18 700 рубль тұрса, 2026 жылы – 15 200 рубльді ғана құрады, дейді «Народный фермер Кубани» өкілі Юров.

Өндірістің өзіндік құны соңғы 6 жылда керісінше, қатты өсіпті: мәселен, егінге ауадай қажет «аммофос» күрделі тыңайтқышы 128%-ға (келісі 28,5-тен 65 рубльге дейін), селитра бағасы 110%-ға (келісі 11,9-дан 25 рубльден астамға дейін) қымбаттады. Оған енді дизель отыны қосылды: сәуірде тоннасы 72 000 рубль тұрса, бүгінде бөлшек саудадағы бағасы 120 000-150 000 рубльдің арасында құбылып тұр.

Freedom Global сарапшысы Владимир Чернов мұндай сандарды баға белгілеудің ішкі ерекшелігімен түсіндіреді: фермерлер ешқашан «нарықтағы орташа» бағамен жанармай алмайды, олар нақты партияларға тәуелді. Базалық биржалық құнның үстіне жеткізу, қоймада сақтау шығындары, шағын көтерме сауданың үстемесі, оған қоса тапшылық қысқан қысылтаяң шақтағы шұғылдық үшін сұралатын үлкен сыйақы қосылады. Осылайша, соңғы бағаны орасан зор көлемде көтеріп жібереді.

«Ведомости» басылымының жазуынша, аграршылар қазіргі беріліп жатқан ЖЖМ жеткізілімі дала жұмыстары қызып тұрған маңызды кезеңде шаруашылықтардың қажеттілігін мүлде өтей алмай жатқанына назар аудартуда. Фермерлердің пікірінше, егер жанармаймен қамтамасыз ету тез арада жақсармаса, кей жерде егін егу, басқасында – егін жинау жұмыстарының барлық мерзімдері және кестесі күл-талқан болады.

Ертеңгі күнге, жанармаймен толық қамтыларына деген ешқандай кепілдіктің жоқтығынан көптеген шаруашылықтар егіс алқаптарының көлемін күрт қысқартыпты. Мемдуманың энергетика жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Юрий Станкевич Ресейдің ең басты егін аймақтары саналатын Воронеж облысында, Еділ бойы мен Краснодар өлкесінде жанармаймен қамтамасыз ету ісі ауыр, мүшкіл жағдайда тұрғанын еріксіз мойындады.

Агроөнеркәсіптік кешендегі алапат дағдарыс біртіндеп экономиканың іргесін сөгер жүйелі салдарға соқтыруы әбден мүмкін.

«Жанармай дағдарысы ауыл шаруашылығын қансыратып жатыр. Егер бұл тапшылық ушыға түссе, елдің астық жинау науқаны біржола сұлап түспек. Ал, бұл – тұтас агроөнеркәсіптің тақырға отыруы деген сөз. Оның соңы салаға тәуелді агромашина жасау саласының да тас-талқан болып күйреуіне әкеледі», – деп жазды ресейлік саяси қайраткер Максим Калашников.

Зерттеуші Александр Рассадин өз болжамында бұдан өткен сұмдықтың шетін шығарды. Оның байламынша, бұл – астық пен өзге де маңызды агродақылдарды жинау науқанының тығырыққа тірелуінің тікелей зардабы болады. Ең ауыр салдарларды болдырмау үшін, сарапшының пікірінше, халықтың азық-түлікті тұтыну көлемін қатаң шектеп, қысқартуға тура келеді.

Сарапшы ауыл шаруашылығы аймақтарын аралап, жағдайды сырттай емес, оқиға орнында, жергілікті жерлерде зерттейтінін алға тартты.

«Сондағы байқағаным – биыл жыртылған, бірақ егін егілмеген, иесіз иен қалған құнарлы егістік жерлердің үлесі ауқымды көрінеді. Кейбір шаруашылықтарда жер толығымен жыртылғанымен, егіні жайқалып тұрғаны шамалы. Көбісінде – тек жартылай ғана игерілген. Қисапсыз алқаптарды арамшөп басып жатыр. Бұрындары бұл дала белсенді түрде айналымға қайтарылып, жыртылып, жаңадан игеріліп жатқан берекелі мекен еді. Бүгінде керісінше, ауыл шаруашылығы жерлері біртіндеп қаңырап, құлазып бос қалуда», – деп күңіренді ресейлік зерттеуші.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!