Мамыр айында күн қайта суытып, түнгі уақытта тіпті үсік болу ықтималдылығы жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, елдің солтүстік жартысында, сонымен қатар оңтүстік пен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын мөлшері көбеюі мүмкін.

Мамырдың бірінші күні республиканың басым бөлігінде ауа температурасы +20+28°С, оңтүстігінде +33°С көрсетеді. Солтүстік-батыс бөлігінде жаңбыр, кей уақытта күшті, екпінді жел, дауыл, бұршақ және ауа температурасының төмендеуі мүмкін. Кейіннен осындай ауа райы Қазақстанның басқа аудандарында да болуы ықтимал.

«Айдың бірінші жартысында циклондар мен антициклондардың ауысуымен ауа-райының тұрақсыз сипаты және ауа температурасының ауытқуы болжанады:

– республиканың батысында түнде +3+13°С, өңірдің солтүстігінде 3°С үсіктен +8+15°С, күндіз +10+20°С-тан +18+25°С-қа дейін;

– еліміздің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде +5+15°С-тан 0,+7°С-қа дейін, кей уақытта 1-6°С үсік, күндіз +18+25°С-тан +8+18°С-қа дейін;

– оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде +10+20°С-тан +5+15°С-қа дейін, күндіз +23+33°С-тан +15+22°С-қа дейін.

Айдың екінші жартысында Иран аудандарынан жылы ауа массаларының қарқынды шығарылуы нәтижесінде, республиканың солтүстік жартысында ауа температурасының біртіндеп +25+35°С-қа дейін, ал оңтүстік жартысында +30+35°С, қиыр оңтүстік пен оңтүстік-батыста +40°С-қа дейін жоғарылауы болжанады.

Мамырдың екінші жартысының жекелеген күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай мен жаңбырлар болжанады, аптап ыстықтың күндіз +20+25°С-қа дейін аздап төмендеуі күтіледі. Оңтүстік өңірлерде де қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай күтіледі, дегенмен температуралық фон басым түрде жоғары болуы болжанады», – делінген мекеменің хабарламасында.

Сондай-ақ, «Қазгидромет» ескертуінше, бір айға арналған ауа райы болжамын консультация ретінде пайдалану керек, ол кейіннен синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетіледі және онкүндікке арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады.

Еске салсақ, ертең Алматы облысының таулы аймақтарында найзағай түсуі мүмкін деп хабарланған болатын.