Облыстық «Жастар орталығында» аймақ жастарына арналған «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы өтуде. Онда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, түрлі оқытулар, мемлекеттік бағдарламалар, жастарға арналған жобалар туралы кеңес беріліп жатыр. Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси  Қожабергенов қатысып, жәрмеңкенің мән-маңызын тарқатты.

Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских қабылдау өткізіп, жастардың көкейіндегі сауалдарды тыңдады, мемлекеттік бағдарламалар ұсынған мүмкіндіктер жайын кеңінен баяндады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ірі облыстар бойынша 26 бос жұмыс орны, Қызылорда облысы бойынша 500 бос жұмыс орны жарияланған. Жәрмеңке бүгін сағат 17:00-ге дейін жалғасады.

Айта кетейік, жуырда ғана ұйымдастырылған жәрмеңкеде 250-ден аса қызылордалық мамандығына сәйкес мекемелерге жолдама алған болатын. Қазір нарықтың сұранысына сәйкес жұмыс табудың оңай емесін ескерсек, бұл бастаманың тиімді тұсы мол екенін көрсетеді.

Жұмыссыздар арасында жастардың да болуы және жыл өткен сайын олардың көбеюі қоғам үшін түйткілді мәселе екені белгілі. Осы олқылықты жою мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы қабылданып, жастарға жаңа мүмкіндік сыйлады. Бұл бағдарламаға оқуын енді бітірген жас маман немесе соңғы үш жылда мамандық бойынша жұмыс істемеген жастар қатыса алады. Жастарға қолдау беріп, бағыт көрсеткен бағдарламаға биыл өзгерістер енді. Осыған дейін бастама арқылы жалақы 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде берілсе, енді жас мамандар 30 АЕК (91 890) теңге жалақы алатын болады. Оған қоса осы жылы бағдарлама арқылы 849 жас маманға қаржы қаралған.

АЖ ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!