Бүгінде NEET санатындағы жастар мәселесі қоғамдағы басты олқылық санатында. Себебі олардың қатарының басым болуы мемлекеттегі әлеуметтік ахуалдың төмендеуіне ғана емес, экономикалық көрсеткіштің құлдырауына тікелей әсер етпек. Мамандар да оқуға, жұмыс істеуге, еңбектенуге құлықсыз мұндай азаматтардың келешек өмірі тұрмыс тауқыметі мен отбасы кикілжіңіне толы болатынын айтуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың NEET санатындағы жастарды анықтап, статистикасын жылына кем дегенде 1 процентке азайтуды тапсыруының мән-маңызы да осында жатыр.

Расында NEET жастардың үлесін анықтау күрделі жұмыс. Олай дейтініміз, жастар арасында өз өміріне деген жауапкершілік аз. Бір ғана мысал, бұл санаттағы азаматтар өздерінің жұмыссыз екендіктерін айтып, тиісті мекемелерге тіркелуге құлықсыздық танытуда. Салдарынан бүгінге дейін олардың табысы мен қызметі, әлеуметтік жағдайы туралы толыққынды ақпаратқа қол жеткізу қиындаған. Ал жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген адам жұмыссыз болып саналмайтыны тағы бар. Мәселенің осындай олқы тұсы статистикадағы дерек пен нақты жағдайдың арасындағы алшақтықты тудырып отыр.

Жалпы, аталған санаттағы жастарыдың құлшынысын оятып, қоғамға бейімдеу – қоғам алдындағы басты міндет. Дегенмен үлкен жауапкершілікті талап ететін бұл қадам туралы айтпас бұрын, алдымен «NEET санатындағы жастардың саны қанша?», «Аймақта оларды анықтау жұмысы қалай жүзеге асуда?» деген сауалға жауап іздеген жөн секілді. Себебі Қызылорда облысында да белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастардың бар екені жасырын емес.

Бұл бағытта облыстық «Жастар ресурстық орталығында» бірқатар жұмысты қолға алынған. Мәселен, орталық өткен жылы қараша-желтоқсан айында облыстағы NEET санатындағы азаматтарды анықтау бағытында  жүйелі жоспар түзіп, барлық ауданды қамтуға тырысыпты. Соның негізінде аймақ жастарының әлеуметтік картасын әзірлеп, салаға серпін әкелуді көздеген еді. Тіпті, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасына сәйкес өңірлерде NEET санатындағы жастармен жұмысты жүйелеу мақсатында ішкі қайта бөлу есебінен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау бөлімі құрылды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен 7 аудан орталықтарында арнайы маман бекітіліп, істің алға жылжуына мүмкіндік туған. Мұның бәрі алғашқы саты саналатын – ақпарат жинау кезеңінің жүгі.

– 2021 жылғы 2-18 маусым аралығында облыс бойынша NEET санатындағы жастардың дерекқор базасын жасақтау мақсатында Қызылорда қаласына қарасты 7 ауылдық округте адрестік жұмыстар бастау алды. Арнайы дайындалған сауалнама арқылы жалпы жастар саны, олардың әлеуметтік статустары анықталған болатын. Нәтижесінде адрестік жұмыстарды тиімді ұйымдастыру мақсатында, мамандар арасында бірнеше мобильді топ құрылып, қала, кент және ауылдық округ жастарынан сауалнамалар алынды, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш.

Шынында, өткен жылы бұл бағыттағы атқарылған жұмыстың қатары мол. Президент пәрменінен аймақта да бірқатар шара жүзеге асып, аймақ көлемінде атқарылатын жұмыс нақтыланған болатын. Мысалы өткен жылдың 29 қыркүйек күні «Облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің» кеңейтілген отырысы өтіп, 2021 жылдың қараша айы «NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау айы» ретінде белгіленді. Соған сәйкес 2021 жылғы қараша айының 1-12 аралығында облыс орталығынан барған жетекші мамандардың қатысуымен аудандарда және ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде адресті жұмыстар жалғасын тапқан.

Нәтижесі де жоқ емес. Мысалы бүгінге дейін NEET санатындағы жастарды анықтау мақсатында облыс жастарының 38 процентіне сауалнама жүргізілген. Соның негізінде дерекқор базасы жасақталы, алғашқы кезеңдегі адрестік жұмыстардың үздіксіз жүруіне жол ашылыпты. Мамандардың сөзінше, 1 наурызға дейін облыс орталығы мен аудан орталықтарында адрестік жұмыстар жалғасатын болады.

Аталған жұмыстар аяқталғасын, тиісті дерекқор базасы жасақталып, үшінші кезеңде орталық қызметкерлері талдау жұмыстарын жүргізеді. Яғни, саралау арқылы NEET санатындағы жастардың санын азайту, оларды оқыту, жұмыспен қамту, әлеуметтендіру, кәсіпкерлікке баулу және т.б. бағыттар бойынша тиісті салаларға ұсыныстар беретін болады.

– Қазіргі таңда, қалаға қарасты ауылдық округтер мен шалғай орналасқан мөлтек аудандарда орталықтың бөлімшелері ашылып, арнайы мамандар бекітіліп, адресті жұмыстарын бастап кетті. Одан бөлек, жыл көлемінде бизнес жобалар байқауы, ғылыми жобалар, өнертапқыштар арасында «Технократтық қоғам», бизнес-лагерь, бос жұмыс орындар жәрмеңкесі, консультациялық жұмыстар жүргізіледі.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандармен, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, салауаттылықты арттыру, шығармашылық бағыттағы, этнос аралық татулық, дін өкілдерімен жұмыс, жас отбасылар, жастар денсаулығы, жастар ұйымдарымен жұмысқа бағытталған және өзге де бағыттағы жұмыстар атқарылатын болады, деді – деді Асқар Құрмаш.

Жастарды қоғамға бейімдеу, қолдау көрсету шарасы үздіксіз жүзеге асуда. Әсіресе, кәсіпкерлік. білім беру саласында бұл санаттағы жаастарға қолдау жетерлік. Мысалы, жергілікті әкімдіктер мен оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер арқылы жұмыссыз жастарға ақысыз «Ағылшын тілі», «Жол қозғалысы ережелерін үйрену», «Компьютерлік сауаттылық» (SMM) курсын жүргізу қолға алынған. Ол аз десеңіз, фитнес, музыка, би үйрену курстарына баруға баруға да мүмкіндік мол.

Сонымен бірге білім беру ісіндегі озық жетістік – «Серпін» мен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары. Алайда аталған бағдарламалардан жүйелі өзгеріске жол алған жастардың саны артар емес. Себебі «Серпінмен» оқуға түскен студенттің басым бөлігі 4 жылдан кейін ауылына қайта оралып жатса, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен дәрігер мен мұғалім мамандығын бітірген жастардан басқасы елді мекенге келуге құлықсыз. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалардың жастар арасында кеңінен насихатталуы, түсіндірме жұмысын жүргізуі кемшін түсіп жатқаны да жасарын емес. Содан болар, түрлі жобадан қалыс қалған жастар көмекке мұқтаж күйге түсуде.,

Жалпы NEET санатындағы жастармен жұмысты ұйымдастырудағы жаңа әдістерін әзірлеу – мемлекет алдындағы басты міндет. Себебі білімі бар, жұмысы жоқ, ынтасы бар, дипломы жоқ азаматтардың тағдыры әрқилы. Сондықтан әкімдіктер мен жастар ресурстық орталықтарының өкілдері алға қойылған міндет толық атқарып, белгіленген межені еңсере алса, жағдайдың оңға басары анық. Оның үстіне талдау кезеңі нәтижесінде ұсынылатын тың әдістеме де бағыттың болашағына әсер етері сөзсіз. Сондықтан NEET жастарының санын азайту қоғам дамуын жаңа арнаға бұрмақ.

Берен ШАҒЫРОВ