фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Құрбан айт – мұсылман жұртшылығы асыға күтетін ең қасиетті мерекелердің бірі. Бұл күндер адам баласын сабыр мен шүкірге, мейірім мен қайырымдылыққа үндейді. Айт келгенде әр шаңырақта қуаныш орнап, ағайын араласып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Сондықтан Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, адамгершілік пен бауырмалдықты дәріптейтін рухани мейрам саналады.

Биыл мұсылман жұртшылығы қасиетті Құрбан айтты 27-29 мамыр аралығында атап өтеді. 26 мамыр – Арафа күні. Бұл күн – дұға мен тәубенің, рухани тазарудың күні. Ал 27 мамыр таңында облыс аумағындағы барлық мешітте айт намазы таңғы сағат 06:00-де оқылады. 

Қызылордадағы облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде өткен көшпелі брифингте бас имам Дастан Құрманбаев Құрбан айттың мәні мен маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл мереке тек құрбан шалумен ғана шектелмейді. Бұл – адам баласын бірлікке, бауырмалдыққа, қайырымдылыққа үндейтін рухани мектеп. 

– Құрбан айт – жүректерге иман нұрын, көңілдерге шаттық сыйлайтын мереке. Осы күндері көпшілікке жақсылық жасап, елдің алғысын алайық. Өткен жылы облыс мешіттерінің ұйымдастыруымен мыңдаған отбасыға құрбан еті таратылып, қайырымдылық шаралары кең көлемде өткізілген. Биыл да осы игі дәстүр жалғасын таппақ, – деді бас имам

Расымен, бүгінгі қоғамға дәл осындай мейірім жетіспей тұрғандай. Әлеуметтік желіде ашу көп, өмірде асығыстық көп, ал адам көңіліне үңілетін жан азайып барады. Осындайда Құрбан айт адамдарды қайтадан бір дастархан басына жинайтын, аразды жақындастыратын, жетімнің басынан сипап, мұқтаждың үйіне қуаныш кіргізетін мереке ретінде қадірлі. 

Құрбан айтта нені ескерген жөн? Ислам шариғатында құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Егер төрт-түліктің көзі көрмейтін, ақсақ, бір аяғы жоқ немесе денсаулығында кінәраты болмағаны жөн. Сондай-ақ оның да өзіндік талаптары мен жас ерекшеліктері бар. Қой-ешкінің жасы 1-ден, ірі-қара 2 жас, ал түйе 5 жастан асқан болуы керек. Құрбандыққа шалынған малды еркіне қарай өзінде қалдыруға, мұқтаж жандарға немесе туыс-туғанға бөліп беруге болады. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан діни тәртіп. Биыл өңір мешіттері мерекеге қызу дайындық жүргізіп жатыр. Арнайы мал сою орындары белгіленіп, еріктілер тобы жасақталған. Ең бастысы – барлық рәсім санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылмақ. 

Заман өзгерген сайын діни рәсімдердің де орындалу формасы жаңарып келеді. Бүгінде құрбандық шалуды онлайн форматта да жүзеге асыруға мүмкіндік бар. «qurban.muftyat.kz» платформасы арқылы тапсырыс беріп, құрбандықты қашықтан шалуға болады. Бұл әсіресе уақыты тапшы немесе алыста жүрген азаматтарға қолайлы мүмкіндік болмақ. 

Нұршат НЫШАНОВА 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!