Мемлекет басшысы ҚР Парламенті мәжілісінде Жаңа Қазақстан дамуының алдағы міндеттерін нақтылап ғана қоймай, ел дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша іске асырылып жатқан жобаларға сыни және кешенді талдау жасады. Сонымен қатар кемшіліктерді қалыпқа келтіруге,  жаңа реформаларды жүзеге асыруда өз жауапкершілігін толық сезінетінін, нық сенімін білдірді.

Президент еліміздің жаңа экономикалық саясаты, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүру деңгейі мен тіршілік жағдайының жақсы болуын қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін қадап айтты. 

Соның ішінде елді мекендер мен шалғай ауылдардан шыққан дарынды жастарға бөлінетін арнайы гранттар мен елімізде 2025 жылға дейін кем дегенде бес халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарының филиалын ашу міндеттелді.

Техникалық салада үздік мамандарды даярлайтын оқу орындарын ашу және «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын жалғастыру арқылы жоғары оқу орнын бітірген түлектерді жұмыспен қамту сынды мәселелер көтерілді. Бұл міндеттер еліміздің жарқын болашағының кепілі болары анық.

Мамандық таңдауға, оқуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету үшін халықтың әлеуметтік осал топтары мен NEET санатындағы жастарды «ерте анықтау жүйесін» енгізу де көзделіп отыр. Ақпараттық жүйелердің көмегімен іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды және жұмысқа орналастыруды бақылауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Ендігі кезекте жұмысқа орналасуда жастарға, әсіресе NEET санатына басымдық берілетін болады.

«Nur Otan» партиясының «Болашағына сенімді жастар» бөлімінде де 2025 жылға қарай жастардың барлығы колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алатыны, 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту шаралары қолға алынатыны жазылған.

Өмір бойы үздіксіз білім алу мүмкіндігі және білім берудің барлық кезеңінде цифрлық сауаттылықты арттыру қамтамасыз етілетіні де баяндалған.

Барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламалары жаңартылып, кәсіпкерлік, экологиялық, мәдени білім негізі бойынша жаңа пәндер енгізіледі. Сондай-ақ 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақылары 2 есе, магистранттар мен докторанттардікі 1,5 есе өсетіні айтылған. Жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант бөлінуі жас зияткерлерге деген қолдаудың жарқын көрінісі. Бастысы, бас партияның жастар мәселесіне ерекше мән беруінің нәтижесі.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты