Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығы тоғызқұмалақ ойынына арналған «9qum.com» жаңа әлемдік цифрлық платформасының ресми түрде іске қосылғанын мәлім етті,  деп хабарлайды Qaz365.kz.

Заманауи жобаны тоғызқұмалақшы әрі бағдарламашы Элдар Шаймағамбет пен Әдемі Есеншораева бірлесе әзірлеген. Жаңа платформа спортшыларға, әуесқойларға, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған кең ауқымды мүмкіндіктерді қамтиды. Оның ішінде жасанды интеллектпен (ЖИ) дайындалу, жүрістерге толық талдау жасау, бейнебайланыс арқылы онлайн партиялар мен халықаралық турнирлер ұйымдастыру, сондай-ақ онлайн кітап дүкенінен оқулықтар сатып алу сияқты функциялар қарастырылған.

Ұлттық ойын тоғызқұмалақ заманауи цифрлық форматқа көшті

Бүгінгі таңда жүйеге 1400-ге жуық спортшы тіркеліп, платформа іске қосылған алғашқы үш күннің ішінде 9 мыңға жуық партия ойналды. Сондай-ақ, жаңа алаңда 300-ге жуық спортшының қатысуымен екі онлайн турнир өтіп үлгерді. Алдағы уақытта «9qum.com» базасында республикалық және халықаралық деңгейдегі тұрақты жарыстар өткізу, рейтингтік жүйені жетілдіру және жасанды интеллекттің талдау сапасын одан әрі арттыру жоспарланып отыр.

Тоғызқұмалақ – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан қазақ халқының дәстүрлі зияткерлік ойыны. Соңғы жылдары ұлттық ойынды халықаралық деңгейде насихаттау және оны цифрландыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жаңа платформа ұлттық зияткерлік мұраны заманауи технологиялармен ұштастырып, ойынның әлемдік беделін арттыруға бағытталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!