«Отбасы банк» кепілге қойылатын тұрғын үйге қатысты талаптарды жаңартып, ипотекалық несиелеу шарттарын жеңілдетті. Енді ескі панельді үйлердегі пәтерлер мен СИП-панельден салынған жеке үйлерді де белгілі бір талаптарға сай болса, кепілге қоюға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, бетон және керамзитбетон негізіндегі панельдерден салынған үйлердің пайдалану мерзімі енді 50 жыл емес, 60 жылға дейін ұлғайтылды. Бұл талап несие өтінімі берілген күндегі үйдің пайдалану мерзіміне қатысты қолданылады.
Бұған дейін банк 1976 жылдан бері салынған панельді үйлердегі пәтерлерді ғана кепілге қабылдаса, енді 1966 жылдан бері пайдалануға берілген үйлердегі пәтерлерге де ипотека рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Осының арқасында 1960-1970 жылдары салынған, бұрын банк талаптарына сәйкес келмеген көптеген панельді тұрғын үйлер ипотекалық мәмілелерге қатыса алады.
Сондай-ақ банк алғаш рет СИП-панельден салынған жеке тұрғын үйлерді кепілге қабылдай бастады. Алайда мұндай үйлер бірнеше талапқа сай болуы тиіс.
Атап айтқанда, үйдің пайдалануға берілгеніне 5 жылдан аспауы, сертификатталған СИП-панельдерден салынуы, бетон, темірбетон немесе бут тастан жасалған берік іргетасы болуы, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары толық аяқталуы, сондай-ақ су, жылу, кәріз және электр желілеріне қосылған болуы қажет.
Жаңартылған талаптар азаматтардың ипотека арқылы баспана алу мүмкіндігін кеңейтіп, кепілге қабылданатын тұрғын үй түрлерінің қатарын арттырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!