Бүгінде әлеуметтік желілер мен арнайы қосымшалар арқылы танысу қалыпты құбылысқа айналғаны жасырын емес. Біреу интернет көмегімен болашақ жарын тапса, енді бірі «өрмекшінің торына» түсіп, басы бәлеге шырмалуда. Тіпті, қазір парақшасына 18+ деп көрсеткен бәзбір қыздардың өзі танысып, артынан алаяқтық әрекетке барып, ақша бопсалауға арланбайтыны туралы көп айтылады. Ал ойындағы сомасына қолы жетпесе, жала жауып, үстінен арыз жазып, жазықсыз соттатып жіберуден тайынбайды екен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Дәл сондай мысалды Алматыда өткен баспасөз мәслихатына Семей қаласынан арнайы келген Қуанышбек Қадырмолла баяндады. Оның айтуынша, 2007 жылғы інісі интернет арқылы бойжеткенмен танысып, хат алмасқан.
«Өзін 18 жастамын деген желідегі қыз әңгіме арасында жігітті үйіне шақырады. Бірақ жігіт ертең сынақ екенін, дайындалу керектігін айтып, бас тартады. Сол чатта әлгі қыз інісінің досымен де сөйлеседі. Екеуі дос екенін білген соң «Онда сендерге мен барайын» дейді. Әңгімелесіп отырған кезде бойжеткен дәретханаға кіріп, біршама уақыт жоқ болып кетеді. «Менің бұтым бөртіп кетті» дейді шыға сала. Інімнің досы медицинада оқитын. «Сен білетін шығарсың, қарап көрсеңші» дейді. Сол арада қыз бұтын шеше салады. Екі бала жиіркеніп кеткен. Содан қыз дереу бір жігітке хабарласып: «Кеше сенімен жатып едім. Бірдеңе жұққан сияқты» дейді. Дым түсінбеген екі бала «такси шақырып берейік, қайтасың ба?» дегенде, «жарайды» деп кетіп қалады. Арада бір апта өткеннен күннен кейін әлгі бойжеткен екі жігіттен 1 млн теңге талап етіп, бір апта уақыт беретінін, егер таппаса полицияға арызданатынын айтқан. Екеуі ешқандай заңсыз әрекет жасамағанын ескертіп «Біз саған тиіскен жоқпыз. Жазсаң, жаза бер!» дейді. Осыдан кейін полицияға арыз түскен.
Бұл хатты ақша бопсалаған қызбала 24 сағат ішінде өшетін қызметке қойып қойғаны салдарынан, өшіп қалады. Бір аптадан кейін екеуін учаскелік полиция ұстап, алып кетеді. Кейін оның кәмелет жасына толмағаны, 16 жаста екендігі белгілі болған. Біз адвокат жалдаймыз деп жүргенде өздері мемлекеттік қорғаушы алып, екі жас баланы қорқытып, «иә» дей салыңдар, кешкісін үйлеріңе қайтасыңдар» деп сендіреді. «Расымен, қайтарасыз ба?» деп қуанған екеуін мойындатады да, артынан «Болды, қораға кірдіңдер!» дейді. Біз адвокат жалдағанша бәрін тергеп, тексеріп, экспертизаға жіберетінін жөнелтіп үлгереді. Бірақ оның бәрінен таза шығып, дәлел табылмады. Соған қарамастан, сот ешқандай дәлелсіз екі азаматты ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бір айта кетерлігі, «зорландым деген қыз» шынымен күш көрсетіліп, зорлық көрсе, әлеуметтік желіге шығып, әркіммен бір жатып, ақша табатынын әңгіме қыла ма? Мұндай ауыр оқиғаға тап болған адам психологиялық қысым көрмей ме? Ең өкініштісі, бауырым қамалған күні өзін баққан атасы инсульт алады. Ал 15 жыл мерзімді естіген соң, қайтыс болып кетті. Оның артынан апам кетті. Олардың өмірде жоқ екендігін бауырым білмейді. Бірақ үнемі түсіне кіретінін айтып жүр».
Екі жылдан кейін жазылған арыз
Ал 25 жылға сотталған Ермек Есиркеновтің қарындасы әрі қоғамдық қорғаушы Бақыттыгүл Есиркенованың айтуынша, ағасының үйіне 2021 жылы әйелінің інісінің кәмелетке толмаған 13 жастағы қызы қыдырып келеді.
«Ол қыз екі жылдан кейін, яғни 2023 жылы 15-ке келгенде ағамның үстінен «зорлық көрсетті» деп арыз түсіреді. Ағамның сотталғанына 3 жылдан асты. Жәбірленуші сотталушының тоқішектен 6-7 рет зорлағанын айтады. 2023 жылы іс қозғалып, ағам 120, 121-бап бойынша, 25 жылға сотталып кетті. Алайда, сараптама бойынша «Тікішекке байланысты қандай да бір зақым бар ма?» деген сұраққа «мүлдем зақым жоқ» деген жауап берілді. Шын мәнінде, жәбірленуші айтқандай болса, екі жыл өтсе де, белгісі қалады. Одан бөлек психологиялық сараптама жүргізген кезде ағамның мінез-құлқында ешқандай педофилдік әрекет жоқ» деп жазылып тұр. Бірақ психологтың пікірін сот тағы бұрмалады», – дейді ол.
Қоғамдық қорғаушы Бақыттыгүл Есиркенованың пікіріне сүйенсек, тергеу кезінде жәбірленуші тарап үйге рұқсатсыз баса-көктеп кіреді. «Алайда, қыздан «Есіркеновтің жатын бөлмесіне кірдің бе?» деп сұрағанда, «жоқ» деп жауап берген. Соған қарамастан биологиялық тексеру жасау үшін ағамның жатын орнынан екі матрасты және «Осы жерге шәует тамды» деп көрсеткен заттың бәрін алып кетеді. Тексеру нәтижесінде не матрастан, не жамылғыдан ешқандай шәует, қан табылмайды. Ал ағамның төсегінен алған матрастың біреуінен І топтың шәуеті, екінші бетінен ІV топ шәует табылады. Сол сияқты екінші матрастың бетінен ІV топ шәует, астыңғы жағынан ІІІ топ қан анықталады. Ағамның қан тобы ІV топ, қызбаланың қан тобы ІІ топ. Бірақ генетикалық және молекулярлық сараптамада екі матрастағы ІV топ шәуетті бірге қосып, сол жерден ағам мен жәбірленушінің ДНК-сын алып шығады. Өйткені, екінші матраста нақты ІV топ шәует деп жазбайды. Оны І, ІІ, ІІІ, ІV топтардың қосындысынан пайда болған шәует делінген. Ең басты дәлел ретінде осы сараптаманы пайдаланады. Екі еркектің, яғни қан қоспасы жоқ І және ІV топ шәуетінен қызбаланың ДНК-сы қалай шықты? Тергеу барысында жәбірленушіні тексергенде 2022-2023 колледжде оқып жүргенде толтырған сауалнамасын табады. Онда жәбірленуші «14 жасымнан қарым-қатынаста болдым» деп жазған екен. Оқу орны мамандары жеке шақырып «Зорлық болды ма?» деп сұрағанда «Өз жігітіммен жатамын» деп жауап берген көрінеді», – деген сотталушының қарындасы, қоғамдық қорғаушы Б.Есиркенова жәбірленушінің әкесі ағасынан 30 млн теңге сұрағанын айта кетті.
«Мен – тазамын» деген ағам соттың ақтап алатынына сеніп еді, нәтижесі мынау болды. Қазір кәмелетке толмаған қызбалалар мұны кәсіп етіп алған сияқты», – деп түйіндеді пікірін.
Баспасөз мәслихатына онлайн қосылған тәуелсіз эксперт Жанаргүл Дюсенова биологиялық және генетикалық экспертизаның сауатсыз жүргізілгенін, егер сот әділ болғанда осы дербес сараптаманың қорытындысын негізге алу керектігін жеткізді. Ал бұл қылмыстық іс бойынша пікір білдірген адвокат Ермек Тлеукеев сот шешіміне келіспейтінін жеткізді.
«Сот өздеріне керекті сараптама мен жауапты қалдырып, үкім шығарды. Біз Жоғарғы сот әділ бағасын береді деген үмітпен жүгініп отырмыз. Бұл істе көптеген заңбұзушылық орын алған. Ең бірінші, сот үкімі жәбірленушінің жауабына негізделген. Ал оның бастапқы және кейінгі түсініктемесінде қарама-қайшылық өте көп. Сондай-ақ, сотталушы Конституцияның 77-бабының 3-тармағанына сәйкес, «әрбір азаматтың заңгерлік көмек алуға құқығы бар» делінген. Бұл жерде кәмелетке толмаған жәбірленушіден жауап алу кезінде міндетті түрде қорғаушысы қатысуы керек. Ал мына сотта жәбірленушінің бекітілген жауабы екінші тарапсыз алынған. Егер тергеу сотында кәмелетке толмаған жәбірленушіден жауап алынған кезде екінші тарап (сотталушы) қатыспаса, заңсыз деп танылуы керек және негізге алынған үкім заңсыз деп есептелуі керек. Соған қарамастан үкім сол жауапқа негізделген», – дейді адвокат.
Түйін: Бірінің ағасы, бірінің інісі заңсыз сотталды деген туыстары мен қорғаушылары сот шешімімен келіспей, істі қайта қарауға күш салып отыр. Осы тұрғыда адвокат Ермек Тлеукеев әркім өз құқығын білуі керек деген кеңес береді. «Адам өлтіргеніңді, қыз зорлағаныңды, есірткі тасымалдағаныңды мойындай сал…» дегенге, істемеген нәрсені «иә» деу – таза білімсіздік. Егер құқық қорғау қызметкерлері тарапынан солай айтуға қысым көрсетіп, мәжбүрлі түрде мойындатуға тырысса, олардың үстінен арыз түсіруге болады» дегенді қаперге салды.
Ал бірінші оқиға интернеттегі таныстық кезінде барынша сақ болудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеген сияқты. Анкетадағы жас – ресми құжат емес. Алайда танысу сайттарындағы немесе әлеуметтік желілердегі мұндай мәліметтер ешқандай ресми тексерістен өтпейді. Кез келген пайдаланушы өз жасын әдейі немесе қателесіп басқа санмен көрсетуі ықтимал. Сол сияқты суретке қарап адамның нақты жасын анықтау да әрдайым мүмкін емес. Сондықтан анкетадағы «18 жаста» деген ақпараттың өзі адамның кәмелетке толғанын дәлелдей алмайды. Егер адамның жасына күмән туындаса, мұндай жағдайда интимдік қарым-қатынастан бас тартқан дұрыс. Өйткені, кейінгі тергеу барысында жазысқан хаттар, әлеуметтік желідегі мәліметтер және басқа да дәлелдер жан-жақты зерттеледі.
Егер қандай да бір таныстықтан кейін ақша талап етіліп, оған қауіп-қатер немесе қысым көрсету қатар жүрсе, мұндай жағдайды өз бетімен шешуге тырыспаған жөн. Сонымен қатар кездесуден кейін жазысқан хаттарды бірден өшірмеген дұрыс. Егер кейін дау туындаса, олар маңызды дәлелдердің бірі болуы мүмкін. Сарапшылар хат алмасуларды, дауыс хабарламаларын және басқа дәлелдерді сақтап, құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
