Танымал композитор, Orda, Ninety One топтары орындайтын әндердің авторы Сержан Бақытжанұлы өмірден өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаралы хабарды әнші, марқұмның жақын досы Дастан Оразбеков әлеуметтік желіде жеткізді.
«Құрметті оқырман, бүгін менің досым, сырласым, әріптесім, ақылдасатын кеңесшім, өнер жолын бірге кешкен аяулы азамат Сержан Бақытжанұлы өмірден озды. Досым, сенің жазған әндерің сенің есіміңді мәңгілікке қалдырады. Мен бұған кәміл сенемін», – деп жазды ол.
Әнші марқұмның танымал әндерін еске салды.
«Сенің қаламыңнан туған «Орда» тобының әндері, «Қилы заман», «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Тағдыр», «91» тобына арналған шығармаларың, сондай-ақ, менің орындауымдағы «Көк аспан» әні – бәрі де халықтың жүрегінен орын алған, ел аузында жүрген туындылар. Сенің жомарттығың, кеңдігің, тереңдігің мені әрдайым таңғалдыратын. Сенімен сырласу, пікірлесу мен үшін үлкен бақыт әрі мақтаныш еді. Әр кездесуден кейін көңілім марқайып қайтатын. Өкінішке қарай, енді ондай күндер қайтып келмейді. Алла Тағала алдыңнан жарылқап, бұл өмірде көре алмаған қызығың мен жете алмаған армандарыңды артыңда қалған қыздарыңа, бауырларыңа, ата-анаңа нәсіп етсін», – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
