Sputnik. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы шоколад бағасының рекордтық деңгейде өскенін хабарлады. Өткен жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда шоколадтың бағасы 30,3%-ға (шамамен үштен бірге) қымбаттаған. Бұл туралы Energyprom.kz жазды.

Көпжылдық статистика кейінгі жылдары шоколад бағасының өсу қарқыны жалпы азық-түлік инфляциясынан асып кеткенін көрсетеді. Егер 2020–2021 жылдары шоколад бағасы 8,3–8,5% шамасында ғана өссе, 2022 жылдан бастап бұл көрсеткіш айтарлықтай жеделдеді. Сол жылы өсім 17,1%-ға жетіп, кейінгі жылдары да жоғары деңгейде сақталды. Бұл шоколад нарығындағы бағаның өсуі уақытша құбылыс емес, тұрақты үрдіске айналғанын аңғартады. Әсіресе 2025 жылы баға қатты көтеріліп, қаңтар-желтоқсан аралығында өсім 29,9%-ды құрады.

«Кейінгі бір жылдағы ай сайынғы көрсеткіштерге назар аударсақ, бірнеше кезеңде бағаның күрт өскені байқалады. 2025 жылдың тамыз айында шоколад бір айдың ішінде 3,8%-ға, қыркүйекте тағы 4,8%-ға қымбаттады. Келесі айқын өсім 2026 жылдың ақпанында тіркеліп, бір айдағы баға 3,3%-ға артты. Ал маусым айында айтарлықтай өзгеріс байқалмады», – деп жазды портал.

Бағаның өсуіне отандық өндірушілер де, шетелдік жеткізушілер де ықпал етіп отыр. Дегенмен шешуші әсер импортқа тиесілі, өйткені Қазақстанның шоколад нарығы әлі де сырттан келетін өнімге тәуелді. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында шоколад, шоколад және қант негізіндегі кондитерлік өнімдер ресурстарының 60%-ын импорт құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен (60,5%) шамалас. Осы бес айда елдегі жалпы ресурс көлемі 97,5 мың тоннаны құраса, оның 58,5 мың тоннадан астамы импорт есебінен қамтамасыз етілді. Ішкі өндіріс көлемі 14,1%-ға өсіп, 39 мың тоннаға жеткенімен, оның жалпы нарықтағы үлесі бұрынғыдай шамамен 40% деңгейінде қалды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне жүргізілген талдау соңғы жылдары Қазақстанның шоколад нарығында импорттың үлесі біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді. Егер 2020 жылы импорттың үлесі 50,6% болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 61,8%-ға дейін өсті.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметі қазақстандық кондитерлік фабрикалардың ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетеді. Соған қарамастан олар экспорт көлемін арттыруда. Биылғы жылдың алғашқы бес айында шетелге жөнелтілген шоколад көлемі 25%-ға өсіп, 20,1 мың тоннаға жетті. Ал ішкі нарықтағы сату көлемі 10%-ға ғана өсіп, 77,4 мың тоннаны құрады. Бұл өндірістің бір бөлігі сыртқы нарыққа бағытталып жатқанын, ал ел ішінде шоколадқа деген сұраныс әлі де жоғары екенін аңғартады», – дейді сарапшылар.

Көпжылдық статистикаға сүйенсек, 2020-2025 жылдары Қазақстандағы шоколад өндірісі тұрақты өскен жоқ. Өндіріс көлемі бірде артып, бірде төмендеп отырды. Әсіресе 2021, 2024 және 2025 жылдары өндірістің қысқарғаны байқалды. Бұған кәсіпорындардың өндірістік қуатты толық пайдалана алмауы себеп болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы өндірістік қуатты пайдалану деңгейі небәрі 52,2%-ды құрады. Яғни шоколад фабрикалары қолда бар мүмкіндігінің жартысына жуығын ғана пайдаланып, шығара алатын өнім көлемінен шамамен екі есе аз өндірген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!