KAZINFORM — Белгілі боксшы Қанат Ислам Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Бұл туралы қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Бурабайда өтіп жатқан шетелдегі қазақ балаларына арналған «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайында мәлімдеді.
— Шетелде туып-өскен қазақтың қас батыры, әлемдік рингте ел намысын қорғаған Қанат Исламды жұртшылық жақсы таниды. Ол — спорттағы жетістігімен қатар, ұлт мүддесіне жанашыр азамат. Құрылтайға қатысып отырған жас ұрпақтың арасынан Қанаттай елге қызмет ететін азаматтар өсіп шықсын деген ниетпен оны қауымдастық жұмысына шақырып отырмыз. Алдағы уақытта оның ел игілігі үшін атқаратын жұмыстары көп болады деп сенеміз, — деді Зауытбек Тұрысбеков.

Өз кезегінде Қанат Ислам бұл қоғамдық қызметке үлкен жауапкершілікпен келгенін айтты.
— Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы — әлемдегі қазақтарды ұйыстыратын қарашаңырақ. Қазақта «Ер жігітті жас өсірмейді, жауапкершілік өсіреді» деген сөз бар. Біз де мойнымызға үлкен жауапкершілік алып отырмыз. Бұл ұйымға талай ел ағалары еңбек сіңіріп, дүниежүзіндегі қазақтарды біріктіру жолында аянбай қызмет етті. Сол игі істі жалғастырып, жаңа мазмұнмен дамыту — біздің міндетіміз. Елге келген қандастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, береке-бірлікке шақыру, ел игілігі үшін қызмет етуге жұмылдыру — біздің жауапкершілігіміз. Басты мақсатымыз — қазақ елінің абыройын асқақтату және ел бірлігін нығайту, — деді Қанат Ислам.
Айта кетейік, биылғы құрылтайға Моңғолиядан — 70, Қытайдан — 60, Өзбекстаннан — 50, Ресейден — 45, Қырғызстаннан — 35, Түрікменстаннан — 15, Түркиядан — 4, Ауғанстан мен Ираннан үш-үштен, Тәжікстаннан — 2 және Еуропа елдерінен 1 бала қатысып отыр. Жалпы қатысушылар саны — 288.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайы шетелдегі қазақ балаларының ұлттық бірегейлігін сақтауға, олардың Қазақстанмен рухани байланысын нығайтуға және әлем қазақтарының тұтастығын күшейтуге бағытталған маңызды халықаралық жоба болып қала береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
