Елімізде талантқа ие ерекше балалардың сахнаға шығып, өнер көрсету мүмкіндігі бар. «Арман асулары» атты жаңа жоба туралы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы директорының шығармашылық қызмет бойынша орынбасары Серік Нұрмолдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арман асулары» атты ерекше балаларға арналған инклюзивті жобаны бастағалы жатырмыз. Еліміз бойынша таланты бар ерекше балаларды жинап, сахнаға шығуына жағдай жасаймыз. Сол сияқты олар біздің өнер жұлдыздарымен бірге ән айтатын болады. Сонымен қатар бізде «Ортеке» атты қуыршақтар театры бар. Аталған өнер ұжымы биыл ЮНЕСКО-ның тізіміне енді. Осы орайда елімізде қуыршақтар форумын өткізу жоспарда бар. Одан бөлек, «Астана сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблі жұмыс істейді.

Жетекшісі Бауыржан Ақтаев. Осы ұжым биыл неше жылғы еңбектерін жинап, алғаш рет альбом жариялағалы отыр», – деді Серік Нұрмолдаев елордада өткен баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, спикер отандық жас композиторларды қолдау мақсатында «Қазақконцерт резиденциясы» атты жобаның қолға алынып жатқаны туралы айтты. «Тағы бір жаңалығымыз «Әлем сазы» атты халықаралық фестиваль өткізбекпіз.

Оған 10-нан астам елден өкілдері қатысады. Шетелдік өнерпаздар 1 апта бойы концерт өткізеді. Уақыты туралы қосымша хабарланады», – дейді ол. Айта кетсек, аталған ұжымның ұйытқы болуымен жаз бойы астаналық балалар тегін кино көру мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін «Қазақконцерт» ұжымы гастрольдік сапармен ел аралап концерт беретіні туралы хабарлаған едік.