Елімізде 2026-2027 оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды мектепке дайындауға жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында 450 мыңға жуық балаға мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға қаржылай көмек көрсетіледі.

Бір оқушыға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары көрсеткіш. Ведомоство мәліметінше, жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай кейбір өңірлерде төлем көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.

«Қолдау жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға көрсетіледі», делінген хабарламада.

Қаржылай көмекті алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер қажетті құжаттарды білім беру ұйымына тапсыруы тиіс.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!