Еуропалық футбол ассоциацияларының одағы (УЕФА) және оған мүше 55 ұлттық ассоциация ФИФА ұйымдастыратын жарыстарға, соның ішінде Әлем чемпионатына қатысудан бас тарту үшін бірауыздан дауыс берді. Бұл туралы одақтың ресми мәлімдемесінен белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Одақ өкілдері ФИФА-ның коммерциялық құқықтар мен турнирлерді басқару үлесін жеке инвесторларға сату жоспарына түбегейлі қарсы шықты. Бұл ұсыныстар күшінде тұрған кезде немесе ФИФА жеке инвесторларға үлес сатудан ресми түрде бас тартпайынша, УЕФА-ға қарасты ешқандай ұлттық құрама ФИФА турнирлеріне қатыспайды.

«Біз ФИФА-ның Әлем чемпионаты мен басқа де жарыстарына меншік құқығын жеке инвесторларға беру туралы ұсынысын бірауыздан және сөзсіз кері қайтарамыз. Әлем чемпионатын инвестициялық өнім ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – футболдың ең ұлы спорттық мұраларының бірі. Ол барлық құрлықтардағы ойыншылардың, ұлттық құрамалар мен жанкүйерлердің ұрпақтары тарапынан құрылды. Оның бірде-бір бөлігі жеке инвесторларға берілмеуі тиіс. Әлем чемпионаты сатылмайды», – делінген УЕФА мәлімдемесінде.

УЕФА сату туралы бұл ұсыныстың жасырын дайындалғанын атап өтіп, бұл шешімді ФИФА-ның әлемдік футболдың қамқоршысы ретіндегі өз міндеттерінен бас тартуы әрі үлкен қателігі деп бағалады.

Бұған дейін ФИФА Әлем чемпионаты мен ұйымның өзге де турнирлерінің коммерциялық қызметін басқаратын, құны 20 миллиард доллар болатын еншілес компания құруды жоспарлап отырғаны белгілі болған еді. FIFA Forward Enterprise (FFE) деп аталатын бұл құрылымның 20%-ға дейінгі акциясын сыртқы инвесторларға сату арқылы 4,2 миллиард долларға дейін қаражат тарту көзделген. Басқарушы инвесторлар тобын АҚШ Президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің бауыры Джошуа Кушнер негізін қалаған Thrive Eternal компаниясы басқарады деп күтілуде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!