Канадалық ғалымдар жүктілік кезінде шай мен құбыр суын жиі тұтыну баланың IQ көрсеткішімен байланысты болуы мүмкін екенін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі News-Medical-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Зерттеушілер MIREC жобасына қатысқан 485 ана мен баланың деректерін талдаған. Мамандар жүкті әйелдердің бірінші және үшінші триместрде көк және қара шайдан, сондай-ақ шай қайнатуға пайдаланылған құбыр суынан ағзаға қанша фтор түскенін есептеген. Кейін балалардың зияткерлік қабілеті 3–4 жасында бағаланған.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, шай арқылы ағзаға тәулігіне қосымша 0,5 миллиграмм фтор түскен сайын, баланың IQ көрсеткіші орта есеппен 2,24% төмен болған. Бұл мөлшер шамамен бір кесе қара шайға тең.
Ғалымдардың айтуынша, шай өсімдігі топырақтағы фторды бойына көп жинайды. Сондықтан шай ағзаға фтор түсіретін негізгі көздердің біріне айналуы мүмкін.
Дегенмен зерттеу авторлары бұл нәтиже шай баланың зияткерлік қабілетін тікелей төмендетеді дегенді білдірмейтінін ескертеді. Себебі зерттеу бақылау сипатында жүргізілген. Сонымен қатар қатысушылар ішкен шайдағы фтор мөлшері нақты өлшенбеген және ата-аналардың IQ деңгейі есепке алынбаған.
Соған қарамастан ғалымдар шай өндірушілерге өнім қаптамасында фтор мөлшерін көрсетуді ұсынды. Ал жүкті әйелдерге шайды шамадан тыс ішпей, мөлшермен тұтынуға кеңес берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
