ҚР Ішкі істер министрлігі «пранк» ұғымына заңнама тұрғысынан түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Пранк» ұғымы бойынша заңнамаға өзгеріс енгізу орынсыз. Өйткені пранкерлердің іс-әрекетін құқықтық бағалау қолданыстағы заңнамада қарастырылған», – деген жауап келді ведомстводан ҚазАқпараттың сауалына. Сондай-ақ, министрлік «пранк» әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық тұрғыда мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген соттардың құзыретіне жататынын түсіндірді. «Қазақстан Республикасының заңнамасы құқық бұзушыларды пранкерлер, блогерлер, журналистер және тағы басқа деп бөлмейді. Сол сияқты жеке және заңды тұлғалардан басқа, пранкерлерге қатысты статистика жүргізілмейді» делінген ресми хабарламада. Еске сала кетсек, биыл сәуірде Алматы қаласында бірнеше «пранк» жасау жағдайы тіркелді. Алматылық тұрғын әлеуметтік желіде пранкер ретінде өзінің көрермендерін көбейту мақсатында «Магнум» сауда дүкенінде видео түсірген. Одан бөлек, Алматыда «қыз алып қашып» пранк жасағандар ұсталып, жазаланды.