Әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Қызылорда облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының міндетін атқарушы Жанар Даулетбаева баяндап берді.
Облыс әкімдігі бекіткен «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» өңірдегі еңбек нарығын тұрақтандырудың негізгі құжатына айналған. Жыл басынан бері бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен «Ашық есік күндері» тұрақты ұйымдастырылып, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беруде.
– Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірлік карта шеңберінде 14 486 жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 55%-ға орындалды. Осы көрсеткіш бойынша облыс республика көлемінде 2-орынға тұрақтады.
Оның ішінде ұлттық жобалар шеңберінде 438 жұмыс орны (27%), бос жұмыс орындарына 5 469 адам (48%), субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 5 756 жұмыс орны (68%) және жеке бастамалар аясында 2 823 жұмыс орны (61%) ашылды.
Мемлекет басшысы мен Үкімет жүктеген тапсырмалардың уақытылы орындалуының нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы 4,8%-дан 2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 4,5%-ға дейін төмендеп, бүгінде республикалық көрсеткішпен бір деңгейде қалыптасты, – деді Жанар Жұмабекқызы.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 852 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, «Электрондық еңбек биржасы» порталы арқылы 17 502 адам онлайн оқудан өткен.
2026 жылдың басынан бері 50 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 4 761 бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде мыңнан астам маман жұмыспен қамтылды.
Жұмыспен қамту бағытындағы нақты нәтижелердің бірі – әлеуметтік осал топтардың еңбекке араласуына жағдай жасау. Мәселен, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру квотасы аясында 49 адам тұрақты еңбекке орналасса, пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға арналған 78 квота толық игерілген. Бұл олардың қоғамға бейімделуіне және жаңа өмір бастауына мүмкіндік беретін маңызды қадамдардың бірі.
Өңірде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл ерікті қоныс аудару бағдарламасы арқылы Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлеріне Қызылорда облысынан 49 отбасы немесе 190 адам көшкен. Олар Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанған. Әрине бағдарлама аясында көшкендердің арасында түрлі отбасылық немесе денсаулық жағдайына байланысты туған жеріне қайта оралғандар да бар. Дегенмен бұл жалпы көрсеткіштің тиімділігіне әсер ете қойған жоқ.
Қоныс аударуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетіледі. Әрбір отбасы мүшесіне біржолғы көшу субсидиясы төленеді, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызмет шығындары өтеледі. Сонымен қатар жұмыс берушілерге де арнайы субсидия қарастырылған. Бұған қоса азаматтарға қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету және тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру сияқты мүмкіндіктер ұсынылады.
Өңірде өткен «Enbek hub – QYZYLORDA» өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де еңбек нарығындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Жәрмеңкеде жергілікті жұмыс берушілер 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынса, еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінен 9 мыңнан астам вакансия ұсынылды. Жалпы саны 10 мыңнан астам жұмыс орны тұрғындарға таныстырылды. Нәтижесінде 200-ден астам азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолдама алып, 80-ге жуық тұрғын солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қызығушылық танытқан.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі де ерекше назарда. Қазір Қызылорда облысында 34 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Биыл оларды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 6,9 миллиард теңге бөлініп, есепті кезеңде 28 мыңнан астам адам қажетті құралдармен қамтылған.
Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің арнайы жұмыс орындарын құруына мемлекеттік қолдау жалғасуда. Өткен жылы екі кәсіпорында көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындары құрылып, оған жұмсалған шығын толықтай субсидияланды. Ал биыл осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін бюджеттен 3,8 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Қолжетімді орта қалыптастыру да күн тәртібінен түскен емес. 2023-2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес биыл өңірдегі жүздеген әлеуметтік, мәдени, білім беру, денсаулық сақтау және спорт нысандары мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделіп, олардың басым бөлігі Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген.
Әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы жұмыстар да ауқымды. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, олардың құрамындағы мыңдаған балаға қосымша әлеуметтік төлем берілген. Сондай-ақ аз қамтылған тұрғындарға тұрғын үй көмегі көрсетіліп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін мыңдаған азаматқа жергілікті бюджет есебінен түрлі төлемдер тағайындалған. Бұдан бөлек, демеушілердің қатысуымен халықтың әлжуаз топтарына қайырымдылық көмек те тұрақты ұйымдастырылып тұрады.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі де тұрақты жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар басқармаға қарасты бес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында екі мыңнан астам азамат қажетті қызмет алып отыр.
Биыл жеке көмекшілердің еңбекақысына экологиялық коэффициент төлеуге қатысты мәселе де қоғам назарын аудартты. Бұл бағытта сот процестері жалғасып жатыр. Егер кассациялық сатыдағы сот шешімі талапкерлердің пайдасына шықса, облыс бойынша мыңдаған жеке көмекшіге өткен жылдар үшін экологиялық үстемеақы төлеуге республикалық және жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қажет болмақ.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!