Әр бүлдіршіннің өмірі мен денсаулығын сақтау – тек ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Жаз мезгілінде балалардың көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлау оқиғасының жиілеуі қоғам назарын осы мәселеге аударып отыр. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Қызылорда облысында кешенді профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Бұл туралы Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жасұлан Совет брифинг барысында кеңінен баяндады.

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алуға бағытталған бірқатар маңызды шараларды қолға алған. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың шілде айында Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялардың кезектен тыс отырысын өткізу жоспарлануда. Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер талқыланып, нақты міндеттер айқындалмақ.Аталған жұмыстың бәріҚазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2026 жылғы 12 маусымдағы жұмыс кеңесі хаттамасына сәйкес жүргізілуде.

Балалардың өміріне төнетін қауіпті азайту бағытындағы жұмыстар тек қағаз жүзінде емес, күнделікті тәжірибеде де белсенді атқарылуда. Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қала әкімдігімен, қалалық полиция басқармасымен және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тұрғындармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді.  Кездесу барысында ата-аналарға қарапайым көрінетін аса маңызды қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар балаларды қараусыз қалдырмаудың маңызы  айтылуда.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары БАҚ пен әлеуметтік желілерде де кеңінен насихатталуда. Арнайы дайындалған бейнероликтер мен ескерту материалдары тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар «Арай City Mall» ойын-сауық кешенінің кинотеатрларында профилактикалық бейнероликтер көрсетілсе, қаладағы LED экрандар мен Президент саябағындағы айналмалы шолу дөңгелегінің электрондық экранында балалар қауіпсіздігіне арналған әлеуметтік роликтер мен ескертпе ақпараттар тұрақты түрде жарияланып тұрады.

– Қазір цифрлық мүмкіндіктер де халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне тиімді пайдаланылуда. Осы ретте Қазақстан Халық Банкі АҚ 2026 жылғы 24-25 маусым күндері Halyk мобильді қосымшасы арқылы ата-ана екендігі расталған клиенттерге балалардың терезеден құлау қаупінің алдын алу жөнінде арнайы push-хабарламалар жолдады. Бұл бастама ата-аналардың қауіпсіздік мәселесіне деген жауапкершілігін арттыруға оң ықпал етті.

Білім беру ұйымдарында да профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналар жиналыстары өткізіліп, педагогикалық ұжымдарға және ата-аналарға балалардың терезеден құлауына жол бермеу жолдары түсіндірілуде, – дейді  Жасұлан Жарқынұлы.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі нақты әлеуметтік қолдау шараларының бірі – көпбалалы отбасыларға арналған терезе қорғағыш құрылғыларын орнату. Қызылорда қаласы әкімдігінің демеушілігімен көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын мұқтаж көпбалалы отбасыларға арналған 127 дана терезе блокираторы сатып алынуда. Бұл құрылғылар балалардың терезені өздігінен ашуына мүмкіндік бермей, жазатайым оқиғалардың алдын алуға септігін тигізеді.

Сонымен бірге Қызылорда облысы Полиция департаменті мен Қызылорда қалалық полиция басқармасы да бұл бағыттағы жұмыстарға белсенді атсалысып келеді. Учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді аралау барысында ата-аналарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, терезелерге арнайы қорғаныш құрылғыларын орнатуға және балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауға шақыруда.

Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі үлкендердің бір сәттік бейқамдығынан орын алады. Ашық қалған терезе, оған жақын қойылған жиһаз немесе москит торына сенім арту орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, баланың өміріне жауапкершілікпен қарауы қажет.

Фариза ТУРЕХАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!