«Талибан» қозғалысының өкілі Забихулла Мужахид Ауғанстан билігі батыстық құндылықтардың ықпалында деп есептейтін халықаралық ұйымдардың «нұсқауларын» қабылдамайтынын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол бұл туралы елдің «Мили» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында хабарлаған. Мужахидтің сөзінше, Ауғанстанда әйелдердің құқықтары шариғат талаптарына сәйкес қамтамасыз етілген. Оның айтуынша, «Талибан» өкілдері батыстық көзқарасқа негізделген және ислам құқығына қайшы келеді деп санайтын әйелдер құқықтарын қабылдамайды.
Сондай-ақ қозғалыс өкілі «Талибан» мүшелері діни ғалымдар екенін және әйелдердің құқықтарына қатысты ислам нормаларын түсіндіруге жеткілікті білімі бар деп есептейтінін айтты.
Бұл мәлімдеме 11–12 шілде күндері Исламабадта өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының әйелдер істері жөніндегі министрлерінің 9-конференциясының қорытынды декларациясы жарияланғаннан кейін жасалды.
Құжатта Ауғанстандағы қыздардың білім алуына және әйелдердің еңбек етуіне қойылған шектеулер ислам құндылықтарына қайшы келетіні атап өтілген.
Конференцияға қатысушылар ислам әйелдер мен қыздардың қадір-қасиетін, құқықтарын, қоғам өміріне қатысуын және дамуын қолдайтынын айтып, олардың әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірге толыққанды араласуының маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар декларацияда Ауғанстанда әйелдерге қатысты енгізілген шектеулерге байланысты алаңдаушылық білдіріліп, мұндай шаралар әйелдердің құқықтары мен ар-намысын қорғайтын ислам қағидаттарына қайшы келетіні көрсетілген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!