Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандық Анель Бермағамбетованың Лаоста еңбек құлдығына түстім деген хабарламасына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сыртқы істер министрлігі отандасымыз консулмен байланысқа шығып, жағдайын түсіндіргенін мәлімдеді. Қазақстанның Ханойдағы Елшілігі Лаос Сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсетуді сұрап, тиісті нота жолдады.

Мәліметтерге сүйенсек, Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр, ертең Лаос Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен келіссөздер жүргізіледі.

«Отандасымыздың қауіпсіздігіне ешнәрсе қауіп төндіріп тұрған жоқ, ол дипломаттармен және өз туыстарымен үнемі байланыста. Сөзінше, оның құжаттары мен телефоны алынбаған, сондай-ақ, телефон және интернет байланыстары шектелмеген. Ал Таиландқа және одан кейінгі бағытқа өз еркімен келген. Сондай-ақ оның айтуынша, егер ұшуына, тұруына және басқа да шығындарына жұмсаған қаражатын өтейтін болса, жұмыс берушілер оны жіберуге дайын», – деді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.

Вьетнамдағы елшілік мәселені ерекше бақылауға алған. Отандасымыздың елге оралуына Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Вьетнамдағы Елшілігі қажетті көмек береді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарды күтпеген жағдайды болдырмау үшін шетелде жұмыс істеуге арналған құжаттар мен келісім-шарттарға қол қою және шетелге шығу алдында оларды мұқият зерттеп, сондай-ақ жұмыс берушілерді тексеру қажеттігін атап өтті.

Еске салсақ, қазақстандық актриса Анель Бермағанбетова жұмыс берушілер алдап әкеліп, Лаос елінде күштеп ұстап отырғанын айтып, әлеуметтік желіде жазған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!