Республикалық референдумға үгіт-насихат ережелерін бұзғандарға айыппұл салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинованың айтуынша, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге референдумға шығарылған мәселе бойынша өз пікірін білдіру құқығына кепілдік беріледі. Бүкіл үгіт материалдарында оны шығарған ұйым, олардың басылған жері мен таралымы, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәлімет болуы тиіс. «Анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Авторы немесе осы материалдарды шығарған ұйымдар туралы ақпараты жоқ материалдар анонимді болып саналады», – деді вице-министр Орталық сайлау комиссиясында өткен отырыста. БАҚ-та жарияланған барлық материалдар заң талаптарына сай болуы тиіс.

Референдум туралы заңда көрсетілгендей, референдумның алдындағы күні және референдум күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. «Референдумға дайындық кезеңінде құқыққа қайшы контентті анықтау алгоритміне сәйкес БАҚ пен әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізіледі. Заңбұзушылық белгілері бар материалдар одан әрі шара қабылдау үшін Бас прокуратураға жіберіледі», – деді Н. Мауберлинова.

Бас прокурор орынбасары Болат Дембаевтың айтуынша, аноним үгіт материалдарын таратқаны үшін ӘҚБтК 113-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (25 АЕК мөлшерінде айыппұл). «Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және шежірелік астамшылыққа, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа үгіттеуге жол берілмейді. Мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің баптары бойынша әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін, сондай-ақ билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға үгіттегені және жария түрде шақырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», – деп хабарлады Болат Дембаев.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы 5 маусымда өтетін республикалық референдум комиссияларының қызметі туралы қаулы қабылдады. Үгіт жұмыстары референдум тағайындалғаннан сәтте басталып, дауыс берудің аяқталуына бір күн қалғанда, яғни 2022 жылы 4 маусымда сағат 00.00-де аяқталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!