Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов алдағы республикалық референдумды өткізу мерзіміне қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Референдум 5 маусымда өтеді деген болжам бар. Бұл ақпарат қаншалықты рас?», – деп сұрады журналистер Мәжіліс отырысынан кейінгі сұхбатта.

«Бүгін немесе ертең Президенттің Жарлығы шығуы мүмкін. Мұның бәрін Жарлықтан көретін боламыз. Әрине, бұл да ыңғайлы күн. 5 маусым – демалыс», – деп жауап берді Арман Қожахметов. Сондай-ақ, депутат жұмыс тобының ел астанасын қайта атау туралы ұсыныс болды ма деген сұраққа жауап берді. «Жұмыс тобында бұл мәселе талқыланған жоқ. Біз наурыз айында Президент Жолдауында айтылғандарды басшылыққа алдық. Сондықтан Президент берген тапсырмалар негізге алынды. Қосымша біздің азаматтарымыз, үкіметтік емес ұйымдар ұсынған барлық нәрсе ескерілді. Осы түзетулердің барлығын біз бірге талқыладық», – деді Арман Қожахметов.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасына Сенат енгізген толықтырумен келісті. Сенаторлар енгізген толықтыру бойынша «Референдум туралы» Заңнан Елбасы туралы норма алынып тасталды.