SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбазға іздеу жарияланды. Әскери полицияның мәліметінше, ол қызметтік міндетін атқару кезінде әскери бөлім аумағынан өз бетінше кетіп қалған.

Өскемен гарнизоны әскери полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, 2004 жылы туған Айқын Мархан 23 шілде күні №27943 әскери бөлімінің зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасында тәуліктік кезекшілік құрамында болған.

Алайда таңғы сағат шамамен 06:30 кезінде сарбаз әскери бөлім аумағынан рұқсатсыз шығып, белгісіз бағытқа кеткен.

Қазіргі уақытта әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әскери полиция Қазақстан тұрғындарынан оның жүрген жерін анықтауға көмектесуді сұрады.

Сарбаздың орналасқан жері туралы нақты ақпарат берген азаматтарға ақшалай сыйақы қарастырылған. Хабарласқан адамдардың жеке мәліметтері құпия сақталатыны айтылды.

Іздеуде жүрген әскери қызметшінің белгілері:

  • аты-жөні: Айқын Мархан;
  • туған жылы: 2004 жыл;
  • бойы: шамамен 177 сантиметр;
  • салмағы: шамамен 80 келі;
  • дене бітімі: орташа;
  • көзі: қара;
  • шашы: қысқа, қара түсті;
  • бетінде меңдері бар.

Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз әскери дала киімін киген болуы мүмкін. Сонымен қатар азаматтық киімге ауысып кетуі де ықтимал.

Оның орналасқан жері туралы ақпарат білетіндер Өскемен гарнизоны әскери полиция бөліміне мына нөмірлер арқылы хабарласа алады:

8 (7232) 62-34-15

8 705 508 39 39

8 775 553 53 35

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!