Талдықорған гарнизонында 37-десанттық-шабуылдау бригадасының 400-ден астам әскери қызметшіcі алғаш рет парашютпен секірді, деп хабарлайды KAZINFORM.
Жас сарбаздар үшін бұл әуе-десанттық даярлықтың маңызды кезеңі әрі мінез-құлық пен ерік-жігерді сынайтын нағыз сынақ болды.
Секірулер 800 метр биіктіктен, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып және тәжірибелі нұсқаушылардың тұрақты бақылауымен орындалды. Дайындықтың барлық кезеңі алдын ала мұқият пысықталды.

18404 әскери бөлімі командирнің әуе-десанты даярлығы жөніндегі орынбасары подполковник Бекдәулет Оспанов секірулер алдында барлық десантшылар толықтай жерүсті даярлық курсынан өткенін атап өтті.
— Сарбаздар парашют жүйесінің құрылысын оқып, әуедегі және жердегі әрекет ету тәртібін пысықтады. Қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылды. Секіруге тек дайындықтың барлық элементтерін жетік меңгерген әскери қызметшілер ғана жіберілді. Біз үшін әрбір жауынгердің әуеге толық дайындықпен, сабырлы әрі сенімді түрде көтерілгені маңызды, — деді ол.

Қарқынды оқу-жаттығу шамамен алты айға созылды. Осы уақыт ішінде жас десантшылар теориялық және психологиялық дайындықтан өтті. 18404 әскери бөлімі базасында жүргізілген бұл оқу кезеңі олардың жан-жақты даярлығын қамтамасыз етті.
Тәжірибелі нұсқаушылардың айтуынша, дәл осы кезеңде әскери қызметшілерде дене дайындығы, тәртіптілік, өзіне сенімділік және күйзеліс жағдайына төзімділік секілді қажетті қасиеттер қалыптасады.

— Әрине, қобалжу болды, сонымен бірге өзімді жеңуге деген үлкен ынтаны да сезіндім. Парашют ашылғаннан кейін сөзбен айтып жеткізу қиын сезім пайда болады екен. Бұл менің өмірімдегі ұмытылмайтын сәт, — деді мерзімді қызметтің сарбазы қатардағы жауынгер Біржан Абай.
Осылайша алғашқы парашюттік секірулерді сәтті орындаған әскери қызметшілер нағыз десантшы қатарына қосылып, жаңа сынақтарға дайын екендерін дәлелдеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!