Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қала аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде.
Акция барысында қоқысты белгіленбеген орындарға тастау, ортақ пайдалану орындарын ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері анықталып, құқық бұзушыларға қатысты заң талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылдануда.
Іс-шаралар Қызылорда қаласы әкімдігі мен «Қызылорда тазалығы» мекемесінің қатысуымен ұйымдастырылған арнайы жұмысшы топтардың бірлескен рейдтері арқылы жүзеге асырылуда. Тексеру барысында бірқатар кәсіпкерлік нысандарда санитарлық және абаттандыру талаптарының сақталмағаны анықталып, учаскелік полиция инспекторлары тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарын сақтау жөнінде ескертулер берілді.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша абаттандыру қағидаларын бұзудың 5590 дерегі, ал ортақ пайдалану орындарын ластауға қатысты 2319 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Акция аясында 23 мобильді топ құрылып, 5387 рейдтік іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен және кәсіпкерлік субъектілерімен тұрақты түрде профилактикалық кездесулер өткізіп, тазалықты сақтау мен экологиялық жауапкершілікті арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Айта кету қажет, 2026 жылғы наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Аталған өзгерістер қалалар мен елді мекендерді абаттандыруды бақылауды күшейтуге бағытталған. Заңға сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстардың жергілікті атқарушы органдарына ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (қоғамдық орындарды ластау) және 505-бабы (абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар жасау құқығы берілді.
Жаңа заңнамалық шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттырып қана қоймай, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді.
Қызылорда облысы Полиция департаменті өңір тұрғындарын тазалықты сақтауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға және абаттандыру қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Қоршаған ортаның тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!