2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша қазақ тілінде тест тапсырған талапкерлердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға азайды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомствоның мәліметінше, егер 2025 жылы талапкерлердің 76,5 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырса, биыл бұл көрсеткіш 73,1 пайызды құрады.
Ал тестілеуді орыс тілінде талапкерлердің шамамен 27 пайызы таңдаған. Ағылшын тілінде ҰБТ тапсырғандар саны – 383 адам.
Еске салайық, биылғы негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндік ескерілгенде жалпы саны 422 мың тестілеу рәсімі өткізілді.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлжан Жарасованың айтуынша, талапкерлердің шамамен 76 пайызы шекті балды еңсерген. Орташа нәтиже – 69 балл.
«Өткен жылдағыдай ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика – Физика». Бұл бағытты талапкерлердің 18 пайызы таңдады. Одан кейін «Биология – Химия» комбинациясы (14 пайыздан астам) және шығармашылық емтихан бағыты (12 пайыз) тұр», – деді вице-министр.
Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тест тапсырды. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, ал тестілеуге берілетін уақыт 4 сағатты (240 минут) құрады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
