Еgemen.kz. Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында қанжығамызға қомақты жүлде байланды.
- Құрлық додасы екі жас санатында (U19, U23) жалауын желбіретті. 19 жасқа дейінгі боксшылардың финалдық тартысын бастаған қыздарымыз толайым табысқа жетті. Кәмила Оспанова (70 кг) финалда Өзбекстан боксшысы Мафтуна Янгиеваны 3:2 есебімен жеңіп, құрлық үздігі атанды. 80 кг салмақта сынға түскен Айдана Убайдуллақызы үндістандық Мега Шеокандты да дәл осындай есеппен еңсеріп, алтын медаль иеленді. Зарина Толыбай да (+80 кг) үндістандық Пречи Токасты жеңіп, үшінші алтынды алды. 23 жасқа дейінгі жастардың финалдық жекпе-жегінде Моңғолия боксшысы Содон-Од Биндерияны жеңген Гүлназ Бөрібаева да (48 кг) Азия чемпионы атанды. Осы жас санатында сынға түскен Анита Әдішева (51 кг) өзбекстандық Гулсевар Ганиеваға есе жіберіп, күміс медальды місе тұтты. Ұлжан Сәрсенбек те (57 кг) өзбекстандық Хаморабану Мамажоновадан жеңілді. Үшінші күміс медаль Құралай Егінбайқызына (80 кг) бұйырды. Өзбекстан боксшысы Рухшона Парпиеваға жерлесіміздің күші жетпеді. Есесіне Әзиза Исина (70 кг) мерейімізді тасытып, Азия чемпионы атанды. Финалдық тартыста ол өзбек қызы Райхона Курбонбоеваны жеңді. 23 жасқа дейінгі жастар арасында Шұғыла Нәлібай да (75 кг) Индонезияда Азия чемпионы атағына қол жеткізіп, финалда үндістандық Мусканды айқын басымдықпен жеңді.
- Францияның Шамони қаласында спорттық құзға өрмелеуден әлем кубогінің кезеңі түңлігін түсірді. «Жылдамдық» бағдарламасында жүлдеге таласқан жерлестерімізге медаль бұйырмады. Үздік нәтиже көрсеткен Дамир Тоқтаров 13-орынды місе тұтты.
- Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында таеквондо спортынан командалық сайыс әлем кубогі бас-талды. Еліміздің ерлер құрамасы алғашқы сайыс күнінде күміс медаль еншіледі. Марокко, Ресей құрамаларын жеңген жерлестеріміз финалдық тартыста Қытай таеквондошыларына есе жіберді. Құрама мүшелері Мақсат Орынбасар, Абдурахмон Марипов, Ануар Мұхаметкәрімов, Батырхан Кусетов барын салғанымен, әлем кубогі кезеңінің алтыны бұйырмады.
- Гаага қаласында (Нидерланд) жағажайдағы волейболдан 18 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті. Ерлер додасында ел үмітін арқалаған Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш «Е» тобында сынға түсіп, Чили, Эстония құрамаларын жеңіп, Литваға жол берді. Топтан екінші орынмен шығып, 1/16 финалда Польша құрамасына есе жіберді. Ал әйелдер сайысында Гаяна Галаш пен Мерей Қожахмет «G» тобында бақ сынап, Латвия, Венесуэла, Канада волейболшыларынан жеңілді.
- Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирден еркін күрес балуандары 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль еншіледі. 61 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен әлем чемпионатының жүлдегері Асыл Айтақын финалда түрік балуаны Толга Өзбекті жығып, чемпион атанды. Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов (74 кг) финалдық сында қытайлық Фэн Луге есе жіберді. Қола медаль Нұрданат Айтанов пен Мейрамбек Қартбай (57 кг), Әділет Әлмұхамедов (61 кг), Начын Қууларға (65 кг) бұйырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!