Халық денсаулығы – мемлекеттің ең басты байлығы. Сондықтан медициналық қызметтің сапасын қамтамасыз ету, дәрілік заттардың қауіпсіз айналымын бақылау және азаматтардың сапалы ем алу құқығын қорғау бүгінгі денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттерінің біріне айналды. Бұл бағытта өңірде де біршама жұмыс атқарылуда. Мәселен, жыл басынан бері 4290 қызмет көрсетілген. Мұны өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Жанерке Жақсылық баяндады.
Бүгінде Қызылорда облысында медициналық қызмет көрсететін 975 субъект жұмыс істейді. Оның 192-сі мемлекеттік мекеме болса, 783-і жеке меншік ұйымдар. Ал фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын нысандардың саны 536-ға жеткен. Бұл көрсеткіш өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің ауқымын ғана емес, оған жүргізілетін бақылаудың жауапкершілігі де зор екенін аңғартады.
– Департаменттің негізгі қызметі медициналық көмектің сапасын бақылаумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын қадағалау, лицензиялау, мемлекеттік қызмет көрсету және азаматтардың өтінішін қарау секілді маңызды міндеттерді де атқарады. Қазір мекеме тоғыз түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олардың қатарында медициналық және фармацевтикалық қызметке лицензия беру, клиникалық практикаға жіберу үшін мамандарға сертификат рәсімдеу, денсаулық сақтау менеджерлерін сертификаттау, дәрілік заттарды әкелуге рұқсат беру секілді маңызды қызметтер бар. Бұл халық пен медицина саласы өкілдерінің цифрлық мемлекеттік қызметке деген сұранысының артып келе жатқанын көрсетеді, – деді департаменті басшысы Жанерке Алмасқызы.
Дегенмен денсаулық сақтау саласында шешімін күткен мәселелер де бар. Соның бірі – тұрғындардың арыз-шағымдары. Осы жылдың алғашқы жартысында департаментке медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсетуге қатысты 340 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға жоғары. Шағымдардың басым бөлігі медициналық көмектің сапасына қатысты. Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметкерлердің этикасы мен деонтологиясы, мемлекеттік қызметтердің көрсетілуі және науқастарды қабылдауды ұйымдастыру мәселелері де тұрғындарды алаңдататын негізгі тақырыптардың қатарында.
Әрбір арыз заң аясында мұқият зерделенеді. Есепті кезеңде 53 жолданым бойынша тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде 48 нұсқама берілген. Заң бұзу белгілері анықталған 19 материал құқық қорғау органдарына жолданған. Ал департамент құзыретіне кірмейтін өтініштер тиісті мекемелерге бағытталған. Мұндай жұмыстар азаматтардың құқығын қорғауға ғана емес, медициналық ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.
Кейінгі жылдары сала қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі де маңызды жаңашылдықтардың біріне айналды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір денсаулық сақтау субъектісі медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыруға тиіс. Осы тетік пациенттердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, даулы жағдайларды әділ шешуге мүмкіндік береді. 2025 жыл мен осы жылдың алғашқы алты айында департамент арқылы медициналық ұйымдарға 80 жолданым жіберілген. Оның ішінде бес жағдай тәуелсіз сарапшылар комиссиясының қарауына ұсынылып, төрт жағдайда сақтандыру өтемақысы төленген.
Департаменттің бақылау жұмыстары жоспарлы тексерулер арқылы да жүзеге асырылады. Биыл жылы облыстағы 25 процедуралық кабинетке, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қызмет көрсететін 20 медициналық ұйымға, сондай-ақ 22 стоматологиялық кабинетке тексеру жүргізілді. Тексеру барысында анықталған заң бұзушылық бойынша 155 әкімшілік іс қозғалып, мемлекет пайдасына 21 миллион 784 мың теңгеден астам айыппұл өндірілді. Бұдан бөлек, Үкімет тапсырмасы негізінде он жеке медициналық ұйымға жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша тиісті анықтамалар жолданды.
Фармацевтикалық бақылау саласында да нақты нәтижелер бар. «Дәрмек» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында полиция департаментінен түскен материалдардың негізінде жеті әкімшілік іс қозғалып, 2 миллион 264 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл заңсыз дәрілік заттардың айналымына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Қазір денсаулық сақтау саласындағы басты басымдықтардың бірі – цифрландыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» бұл бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін берді. Соның нәтижесінде елімізде 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды міндетті цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді. Әрбір дәрінің қаптамасына арнайы Data Matrix коды қойылып, оның өндірушіден бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі қозғалысы толық қадағаланады. Бұл жалған дәрілік заттардың айналымын азайтып, халыққа сапалы әрі қауіпсіз өнімнің жетуіне мүмкіндік береді.
Қызылорда облысында бүгінде ақпараттық жүйеге 8 миллион 955 мыңнан астам дәрілік зат қаптамасы тіркелген. Оның 6 миллион 817 мыңнан астамы айналымнан шығарылған. Бұл көрсеткіш 76,2%-ды құрайды. Мұндай нәтиже өңірде цифрлық бақылау жүйесінің кезең-кезеңімен тиімді енгізіліп жатқанын аңғартады.
Фариза ТУРЕХАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!