KAZINFORM – Көлік министрлігі әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды. Түзетулер жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және әуе тасымалы қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Көлік министрлігі.
Министрлік мәліметінше, өзгерістер 2015 жылғы 30 сәуірдегі №540 бұйрықпен бекітілген Әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларына енгізілмек.
Жобаға сәйкес, музыкалық аспаптарды тасымалдау тәртібі нақтыланады. Белгіленген талаптар сақталған жағдайда оларды қол жүгі ретінде, жеке жолаушы орнына орналастырып немесе тіркелген багаж ретінде тасымалдауға мүмкіндік беріледі.
– Қорғаныш қаптамасына салынған музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыра мен қобызды ұшақ салонында тасымалдауға рұқсат беру ұсынылады. Бұл ретте олардың өлшемі 110×35×30 сантиметрден, ал салмағы 10 келіден аспауға тиіс, – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар әуе компанияларының талаптарына сәйкес жануарларды ұшақ салонында тасымалдауға мүмкіндік беру, сондай-ақ мүгедектігі бар жолаушыларға әуе тасымалы кезінде жеңілдіктер беру нормасын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылған.
Жобаға әуе кемесі сыйымдылығы төмен басқа ұшаққа ауыстырылған жағдайда жолаушыларды орналастырудың басым тәртібі де енгізілген. Мұндай жағдайда бірінші кезекте кәмелетке толмағандар, мүгедектігі бар адамдар, ауыр науқастар, жүкті әйелдер және зейнет жасындағы азаматтар тасымалданады.
– Сондай-ақ жолаушыны жеткізу кешіккен жағдайда төленетін айыппұлды өтеудің нақты мерзімін белгілеу ұсынылып отыр. Тиісті өтініш берілген күннен бастап төлем 10 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс. Бұдан бөлек, тасымалдаушының кінәсі дәлелденсе, тіркелмеген қол жүгінің бүлінуіне байланысты әуе компанияларының жауапкершілігін белгілеу көзделген, – деп мәлімдеді министрлік.
Құжат жобасы қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында жарияланған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
