Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаз қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың 22 сәуірінде Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде қатардағы жауынгер Қалбай Әлібек Саламатұлы қайтыс болды. Таңертең сапта тұрған жауынгер кенеттен есінен танып қалған. Әскери қызметшіге қажетті медициналық көмек көрсетілгенмен, ол есін жимаған күйі қайтыс болған», – делінген Қорғаныс министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Белгілі болғандай, жас жігіт биыл көктемде Маңғыстау облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылды.

«Сарбаздың өліміне қатысты тексеру жұмыстары басталды. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы күштердің жеке құрамы Қалбай Әлібек Саламатұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады», – деп аталып өткен ведомство хабарламасында.