500 мыңнан астам қазақстандықтың банкке қарызын өтеу мерзімі 3 айдан асып кеткен. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесіне арнайы тоқталды. Қыркүйек айында Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Мұны ақтауға болмайтын қылмыс деп атаған Президент біздің құқықтық мемлекет екенімізді, барлық даулы мәселе тек заң аясында ғана шешілуі керектігін айтты.

«Ешкімнің заңсыз әрекетпен мәселе шешуіне рұқсат етілмейді. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындамауы, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді алып қою, сату және тиісті бағалау тетіктерінің шикілігі мәселені жүйелі шешу қажет екенін көрсетті. Бүгінде 540 мың отандасымыздың қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқан, жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар. Қаржы секторына зиян келтірмей, борышкерлерді қолдау үшін тиімді шаралар қабылдау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!