Шразаддин Қаниязов әріптесі Жібек Зинеловамен бірге «Кәмпитті жеген кім?» және «Кербезмүйіз» ертегілерін жазып шықты. Екі кітап та 2000 таралыммен басылып, қазір сатылымда жүр.

Оқырманның жылы лебізін де алған. Екі кітапты тағы да басып шығару жоспарланып отыр. Шразаддин ертегілерді оқырманға ұсыну идеясы және Қазақстандағы балаларға арналған кітап нарығы туралы айтып берді.

«Кербезмүйіз» атауы қалай ойлап табылды?

«Кәмпитті жеген кім?» ертегі кітабының тұсауы биыл мамырда, «Кербезмүйіздікі» шілдеде кесілді. Ертегілер 2021 жылдың елімізде «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялануы аясында «Алтын сақа» баспасынан шықты. Бұл баспа биылғы жарты жылдықта қазақ балалар әдебиетіне 100 кітап шығарып қосты. Атаулы жылға үлесіміз болсын, өскелең ұрпаққа пайдамыз тисін деп Жібек екеуіміз осы екі кітапты жазып шықтық.

Кітап шығару ісінде мен көбіне, идея берушімін. Балаларға ертегі жазамыз дегенде орысша «единорог» деп аталатын қиял-ғажайып жануар жайлы жазуды ойладық. Өйткені әлемде осы «единорог» феномені жүр. Байқасаңыз, балалардың ойыншығында, киімінде, сөмкесіне дейін осы жануардың суреті қаптап кеткен. Демек біз де сол лекке ілесуіміз қажет.

Ал біздің сөздіктерде оның аудармасы «жалғызмүйіз» деп аударылыпты. Мифология тұрғысынан сұлу, кербез жануарды бұлай аудару жануардың сипатын бермейтіндей көрінді. Сосын «кербезмүйіз» деп аударуды ұсындым. Бұл да бір эксперимент.

Кербезмүйізбен кездесетін бас кейіпкердің есімі – Айзия. Қазақша айтқанда, Айсәуле, өйткені «зия» араб тілінен «сәуле» деп аударылады. Біз кербезмүйіз деген әдемі атаудың қасында ерекше есімнің болғанын қаладық. Ертегі желісі бойынша қыз кербезмүйіздің қылын өртеп көріп, өзі қиялдаған басқа әлемге тап болады. Ол кербезмүйіздер әлемі еді. Айзияны көргенде-ақ адамзат баласынан талай зиян шеккен кербезмүйіздер оның тез арада өз әлеміне қайтуын талап етеді. Айзия сол ғажайып әлемде небір қиындықты басынан өткізеді.

Бір жағы, жас оқырманға жануарларға зиян келтіруге болмайтынын жеткізгіміз келді. Жануарлардың да өзінің өмірі, көңілі бар екенін ұғындырсақ деген мақсат болды.

«Кәмпитті жеген кім?» не туралы?
«Кәмпитті жеген кім?» ертегісін оқырманға ұсыну формасы ерекше. Әдеттегі сара жолға салмадық, эксперимент жасап көреуге бекіндік. Ертегіде оқиғаны баяндаушы, яғни автор жоқ. Кәмпиттің жоғалғаны туралы оқырман әр кейіпкердің куәлігінен біледі. Рюноскэ Акутагава деген жапон новеллисі бар. Оқиғаны берудің осы тәсілін сол жазушының кітаптарынан көрдім.

Ертегіні әр кейіпкер алдыңғы кейіпкердің айтқанын жоққа шығаратындай етіп жаздық. Әр куәгердің куәлігін оқыған сайын оқырман «кәмпитті жеген осы екен» деп ойлайды, бірақ ол да кінәлі болмай шығады.

Дегенмен оқиға желісін қызық қыламыз деп балаға ұрлықты насихаттап алмайық дедік. Өйткені «Алтын сақа» баспасының балалар әдебиетіне қатысты үш құндылығы бар: шығарманың балаға пайдалы болуы, танымдық мақсатта болуы және әдепті үйретуі. Кәмпитті әйтеуір біреу жеуі керек қой. Сосын кінәліні «таптық». Ертегінің соңында кінәлі отбасынан кешірім сұрайды, оны отбасы кешіреді. Балаға «қателессең, кешірім сұрай біл» дегенді жеткізгіміз келді.
Ертегіде кәмпиттің әруағы өзін кім ұрлағанын баяндайды. Осы кейіпкерді біраз талқыладық. Дегенмен мұны балалар жеңіл қабылдайтынын түсіндік.
Мысалы, «әруақтарға жеті шелпек пісіру» дегенді балалар қалыпты нәрсе деп ойлайды. Оның үстіне, біздің баспада балалардың екі психологы бар. Біріншісі – балалардың психологиялық мәселесін емдеумен айналысатын маман, екіншісі – ертегітерапияны, яғни баланың қорқынышын ертегі арқылы жеңу саласын оқыған маман. Бұл ертегілердің бәрі сол мамандардың алдынан өтеді.
Екі ертегі де 6 жастан асқан балаларға арналған. Дегенмен «Кәмпитті жеген кімнің?» тілі жеңілірек, оқиғасы да қысқа. Бұл ертегіні 8-10 жастағы бала оқымауы мүмкін. Сосын «Кербезмүйіз» арқылы оқырманды есейткіміз келді. Оқиғасын шиеленістіруге тырыстық.
«Алтын сақа» баспасынан шығатын кітаптың бәрінде QR-код бар. Телефонның QR қосымшасы арқылы ертегілерді тыңдауға болады. Бұл баласына ертегі оқуға уақыты жетпей жатқан ата-анаға ыңғайлы.
Екі кітапты да Алматыдағы, Қызылордадағы және Нұр-Сұлтандағы KitapAl дүкендер желісінен сатып алуға болады. Басқа қалаларда жеткізу қызметі бар. Ол үшін дүкеннің Instagram-парақшасында тапсырыс беру керек. Еліміздің кез келген аймағына тегін жеткізіледі. Екі кітаптың да бағасы өте арзан.

«Алтын сақа» баспасы тағы 100 кітап басып шығарады

Кітап жазыла бастағаннан, типографиядан шығып, сөреге түскенше авторлардың назарында болады. Өйткені шығармасының қандай болуы керек екенін авторлардың өзі ғана біледі. Екі кітаптың да суретін 11-класс оқушысы салды. Аты-жөні – Жұлдызай Әлкеева. Баспа кітаптың балаларға пайдалы болуын ғана емес, осы арқылы талантты жастарды қолдауды да ойлайды.

Кітаптардың жарнамасы тек кітап дүкенінің парақшасында бар. Екі кітап та таусылайын деп жатыр. Қайта басуды жоспарлап отырмыз. Ата-аналардың жылы пікірлерін әлеуметтік желілер арқылы білеміз. Осындағы кеңсемізден дүкенге шығып, оқырмандардың қандай кітап қарап жүргенін көреміз. Сонда балаларға арналған кітаптар сөресінде жас оқырмандардың анасына «осыны алайықшы» деп тұрғанын көргенде іштей марқайып қаламыз. Балалар мектептен келіп кітаптарымызды оқып отырады. Демек еңбегіміз зая емес.

Адам өзінің осал тұсын білуі керек деп ойлаймын. Менде идея, креатив болса да, ертегі жазсам да, кей жерде көркем тіл жетпей қалуы мүмкін. Оған Жібек Зинелова шебер. Баспаның бірінші 100 кітабының 20-30 шақтысы да сол әріптесімдікі. Балаларға арналған тәрбиелік мәні бар қысқа шығармалар жазды.

Жыл соңына дейін «Алтын сақа» баспасы балаларға арналған 100 кітаптың екінші легін таныстырады. Кітаптардың тұсауы қараша айының соңында немесе желтоқсан айының басында кесіледі. Мұндай еңбектің артында 60-70 адам тұр: жазушылар, аудармашылар, суретшілер, баспагерлер, аудио оқушылар және тағы басқалары.

Бұл лекте де Жібек өте өнімді жұмыс істеді. Барлық жастағы балаға арналған кітаптар жазды. Екінші лектегі кітаптың басым бөлігі Жібектің қаламынан туады деп үміттеніп отырмыз. Ол — қаламы қарымды, болашағы зор жазушы.

Екінші лекте менің қызметім – идея қосу, мұқаба суретін ойластыруға көмектесу. Мұқабаға қатысты ой білдіруде талғамыма сүйенемін. Мұқабаның талғамға қаншалықты сай болғанын оқырман айтады. Дегенмен барынша заманға сай мұқаба жасауға тырысып жатырмыз. Оған қоса, редакциялау жұмысына да қатысамын.

100 кітап шығару үшін бүкіл ұжым бір адамдай еңбек етуі керек. Әріптестерім жұмысын қатты жақсы көреді. 09.00-де келіп, 18.00-де кету деген жоқ. Әркім өз жұмысына кіріп кететіні сонша, түнге дейін дүкенде қалып қоятын кездер де болады.

 «Біздің балалар әдебиетіне креатив жетіспейді»

Жоғарыда «Алтын сақаның» балалар әдебиетіне арнап 100 кітап шығарғанын айттым ғой. Сол кітаптарды жазбас немесе аудармас бұрын Қазақстан нарығын зерттедік. Бұған 3-4 ай уақыт кетті. Түсінгеніміз – біздің балалар әдебиетіне креатив жетіспейді.

Ол әдебиетті балаларға арналған дейміз, бірақ шығармалар баланың қалауын қаншалық ескеретіні түсініксіз. Жазушылар әдебиетті өз ойындағы идеал балаға арнап жазып жатқандай әсер қалдырды.

Өкінішке қарай, аға буын жазушыларымыз «Біз жақсы нәрсе жазып бердік, енді оқырман соны оқуға міндетті» деп ойлауға бейім. Ал біз «Балалар, жастар кітап оқымай жатса, мәселе бізде, демек біз бірнәрсені қате істеп жатырмыз» деп есептейміз. Біз деп отырғаным – кітап жеткізушілер, мұқабасын жасаушылар, жазушылар, жалпы кітап саласында жүргеннің бәрі. Бұған балалар, оқырман кінәлі емес. Шығармашылық адамдарында эго басымырақ болады. «Мен керемет жазып едім, әттең, соны оқымай жатыр» деген ойды ысырып тастау керек. Оқырман кітапты оқыса, шығарма жақсы деген сөз. Оқылмаса, шығарма ортаңқол деңгейде жазылған. Демек, заман талабына сай өзгеруіміз керек.

Үлкен үлкендігін көрсетіп, баланы түсінуге ұмтылуы керек. Біз, ересектер, баланың қамын ойлауымыз қажет. Қамқорлық пана болу, тамағын тоқ, көйлегін көк етумен шектелмейді. Оқитын дүниесін, бала қызығатын, оған пайдалы болатын нәрсені тауып беруге міндеттіміз.

Өзіміздің нарықты шолып біткен соң Америкаға назар салдық. Мысалы, Amazon-дағы балаларға арналған топ-10 кітапты қарадық. Оларды жас оқырман не себепті таласып-тармасып оқитынын, стилі қандай екенін және олардан біз не ала алатынымызды қарастырдық. Балаға жақсы қандай дүние бар, содан шабыт алдық. Өйткені түптің-түбінде ол жақтың бәрі бізге келеді.
«Балалар әдебиеті – кішкентайларға арналған үлкен әдебиет» деген бар. Сол үлкен әдебиеттен титтей бір орын ала алсақ, бақытты болушы едік.

baribar.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!