Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Сыр өңірініндегі жас ақындардың өлеңдері жинақталған «Сыр сандық» антологиясының тұсауы кесілді.

 Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыстық мәслихат депутаты, «Сыр Үміті» жастар қауымдастығының төрағасы, жастар жанашыры Мағжан Ералиев демеушілік танытқан кітапта 70-ке жуық сыршыл ақынның өлеңдері топтастырылған. Олар «Сыр сандыққа» сырын шертіп, шынайылығымен, әдемі әлемімен ерекшеленетін туындыларын сыйғызған.

Салтанатты шарада қазақ поэзиясының гладиаторы атанған Шаһизада Әбдікәрімов, филология ғылымдарының кандидаты Шанжархан Бекмағанбетов, айтыскер ақын Серік Ыдырысов жас таланттарға ақ батасын беріп, руханиятты дамытуға үлес қосып жүрген және өңірде алғаш рет осындай тың бастаманың іске асуына ұйытқы болған Мағжан Абзалұлына алғыс айтты.

«Талабы мен таланты үндес дарындарды қолдау – азаматтық парызым» деп білетін меценат ісі қандай мақтауға да лайық. Бастысы, бұл жинақ жас таланттардың шабытын шалқытып, одан әрі қанаттандыра түскені анық.

Айта кетейік, жинақ бірден жарыққа шыға салған жоқ. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған, өңірдегі кітапқұмар жастардың басын бір арнаға тоғыстырған «Кітап құрттары» ұйымы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті биылдан бастап поэзия кештерін өткізуді дәстүрге айналдырған болатын. «Кітап құрттары» ұйымының жетекшісі Талғат Меңдібаевтың айтуынша, осындай кештердің бірінде Мағжан Ералиев жас ақындарға қолдау көрсететінін жеткізген.

«АЖ» АҚПАРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!