Қазақстан – табиғи газ қорына өте бай мемлекет. Ал газ саласы отандық экономикадағы ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Бүгінде отандық газ саласының болашағы зор. Осы саладағы соңғы жылдардағы жетістіктер еліміздің даму мен модернизация жолына сәтті түскенін көрсетсе керек. «Nur Otan» партиясы әзірлеген 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды тұғырнама – бүгінгі күннің күрделі ахуалына қатысты объективті көзқарас. Құжатта Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған іс-шаралар қамтылған.

Аталған бағдарламада «Біздің басты міндетіміз – әрбір қазақстандықтың өз әлеуетін іске асыруына теңдей мүмкіндік жасау. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді, осы арқылы азаматтардың толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге араласуына жол ашады. Біз қазақстандық отбасылардың әл-ауқатының артуын, сәбилеріміздің бақытты балалық шағын, өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге, қарттарға қамқорлық жасауға ұмтыламыз» деген жолдар ел сенімін арттырады.

Ауыл, аудан халқының әл-ауқатын арттыруда да тиімді жұмыстар жолға қойылған. Солардың бірі – газ тасымалдау желісі қарқынды дамып, көптеген газ жобалары жүзеге асырылып, саладағы негізгі қорлар толықтай жаңартылуда. Облысқа қарасты Қармақшы ауданындағы Жосалы кентінде де биыл табиғи газ іске қосылды. Бүгінде 1300-ге жуық отбасы көгілдір отынның игілігін көруде.

Бағдарламада 2025 жылға қарай 900 мыңнан астам адамды құрайтын 246 ауылдың газбен қамтылуы нақты жоспарға енгізілген. Бұл жүзеге асқан уақытта елімізде газбен қамту үлесі 60 процентке жетпек.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!